Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қарғалар пар-пар етіп ұшқанда, айдауылдар сәл-пәл болса да сасыңқырап қалған. Сонда Рысқұловқа: «қашсам қайтеді» деген ой келді. Қашуға бейімсіз де, бейілсіз де еді. Жай ойлады да қойды. Әкесін еске алды. Жарықтық Ақкөз батыр айтар еді:

– Сенің әкен Рысқұл патшаның он солдатын жалғыз өзі жайратып, қатырғыдан қашқан, – деп.

Кім көріп тұрған дейсің? Рысқұл қанша атаман болса да, он солдатты ойсырату оңай шаруа емес қой. Халық сондай батырды армандайды, сондай болса ғой дейді. Содан Рысқұл он солдатты жапырған болып елге тарап, аңыз бұрынғыдан да гөрі қомпиыңқырап кете барады. Рысқұловтың аяқ-қолында әзір кісен жоқ. Ал Рысқұлдың аяқ-қолында зілмендей кісен болған.

«Жыртитып көз ашқаннан патшаның түрмесінің де дәмін таттым. Енді эсэр Успенскийдің түрмесіне түскелі келе жатырмын. Рысқұл әулетінің маңдайына тағдыр «түрме» деген жазу жазып қойған ба?» – деп қорынды Рысқұлов бір мезгіл.

Диірменде туған тышқанның баласы дүрсілінен қорықпайды, – деп сыбырлағандай болды құлағына әкесі.

Генерал-губернаторлардың бір «тектілігі» – жаңа қалаға, яғни Еуропалық Ташкентке түрме салғызбаған. Түрменің бәрі ескі Ташкентте, яки Азия Ташкентінде.

Сондықтан да төрт айдауыл Рысқұловты ұзақ алып жүрді. Әрине, көлік дұрыс болар еді, Успенский Рысқұловты жаяу айдатып, әдейі қорлағысы келді ме, әйтеуір көлік бергізбеген.

Рысқұловтың көптен бері жаяу жүрмегені енді есіне түсті. Жаман үйреніп алған екен, шаршайын деді. «Ұлылықтан пенделікке дейін бір-ақ қадам» деген Наполеон сөзін еске алды. Өзін Наполеон санамаған, әрине. Бірақ жаяу айдатып, қорлап қойған Успенскийді ішінен балағаттап жатыр.

Алдыдан Шайхан-Тәуір көрінді. Енді түрме де алыс емес. Шайхан-Тәуір тасасынан күмбезі істіктеу, биіктігі он бес-он алты метрдей мазар асқақтайды. Сібірлеп атып келе жатқан таңның ала-көбеңінде мазар сұсты сияқты. Ол әйгілі Төле бидің күмбезі екенін Рысқұлов біледі. Өзінің арғы бабасы екенін де біледі. Баяғы Тәуке ханның тұсында қазақтың үш жүзінің басын қосып, берекелі, бәтуалы ел болуына аянбай қызмет еткен аса ірі қайраткер екенін де біледі. Жоңғар сияқты жауға қарсы тұрарға қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақты біріктіруді, бір ел етуді Төле би Рысқұловтан екі жүз жыл бұрын армандаған, әрекет қылған.

Бірақ қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ тұрмақ, қазақтың өзінің үш жүзінің басын әрең-әрең қабыстырып, Тәуке хан өлгеннен кейін одан да айырылып қалып, Ұлы жүзді ғана билеген, Ташкентте он екі жыл билік құрып, ақырғы талқаны тоқсан үш жасында таусылып, осы Шайхан-Тәуірге қойылып еді ғой.

Рысқұлов Төле бидің күмбезін соноу он бесінші жылы Ташкентке оқу іздеп келгенде әдейі барып көріп еді. Күмбездің маңдайшасындағы арабша «Қарлығаш би» дегенді оқып таңғалған. Сөйтсе, Төле биді мұндағы ел Қарлығаш би деп атайды екен. Демек, қарлығаш құстың қасиеті болғаны да. Өрт шалған халқына қарлығаш сияқты қанатымен су себелеп, шырылдап өткен бір сабаз.

Рысқұлов та ашаршылық алған, өрт шалған халқына қарлығашша қанатымен су себелеп жүргенін, енді міне, әділетсіздік тасыраңдап, қиянат қылышы мойнына төніп, тұтқын болып келе жатқанын Төле би бабасы сезген жоқ. Шошақ бас биік күмбез түксиіп қалып бара жатты. Төле би тіршілігінде өзінің азаматтық парызын ақтап, халық алдындағы қарызын өсімімен өтеп кеткен адам. Кейінгіге кейінгі ұрпақ жауап берсін. Төле би бүгінгінің тірлігіне араласпайды. Солай, Рысқұл баласы Тұрар, Төле бидің туажаты. Өзіңнің қамыңды өзің ойла? Өлген Төле би саған қол созбас.

«Рахат» паркіндегі «Тұран» жазғы кинотеатрының тұсына таянғанда ағаш арасынан қараң-қараң адамдар жүргендей болды да, айдауылдар мылтықтарын кезеніп, өте сақ қимыл танытты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий