Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Кімге барып айтамыз зарымызды?! Атамырза ұлықтың тұрысы анау. Атпа! – деп арашалауға да жарамады.

Тұрар былғары куртканың қалтасынан ауыр кольтті суырып алып жоғары көтерді. Жанындағы Қабылбек те револьверін шығара берді.

– Өзі Атамырза болса, ол «атпа» деп айтар ма еді! «Ат!» – дейді ғой ол!

– Рас айтасың, Рысқұлов. «Ат!» деген осы, – деп Кузьмин қолымен көзін көлегейлеп, төменнен жоғары қарады. Күннің көзінен емес, төбеден төніп тұрған тажалдан жасқанып қалған түрі бар. Адам қаны – су емес, әлгіде ғана одыраң кеуде озбырлықпен бір ер азаматтың жас қанын мойнына жүктеп алған Кузьмин қанша қанішер болса да, зіл-батпан күнәға батқанын сезіп, тұла бойын әлдеқалай үрей билеп алған-ды. Осының зауалы бары кәрі санасына жеткендей болған. «Атқаным бекер болды» деп опынып қалған. Сол күдігі көп ұзамай аспаннан түскен зауал бұйрықтай мына екі большевиктің жар басынан төніп тұрғаны Кузьминнің еңсесін мүлде басып тастады. Мылтық кезеніп атып салса да амалы бар еді, бірақ алғашқы Дүрмен өлімінің суреті оның көзін шорлап, санасын шелдеп тастағандай еді. Құздан слағай Дүрмен шапанының екі шалғайы екі жаққа бүркіттің қанатындай жайылып кетіп еді. Сол қара шапанның қара шалғайы кәрі атаманның көзінің алдында көлбеңдеп тұрды да қалды. Енді ол мылтық кезеніп нысана көздеуге дәрменсіз болатын. Шақшақай көзін шұқып, жан-жағын шайтан от қамаған сияқты бір елес шалықтап өтті. Кузьмин көзі бұлдырап, басы айналып, тұла бойы безгектей қалшылдап, қолы дір-дір етіп, ат үстінде әрең отырған.

– Атқызған Атамырза! – деп жан дауысы шыға айқайлап жіберді. – Ат деген сен, комиссар, жалтарма!

Кузьминнің түк басқан езулерінен көбік бұрқырап, түкірігі Атамырзаның бетіне шашырап кетті.

– Ей, кәрі қақбас! Есіңнен адасқан шығарсың?! Не деп оттап тұрсың? Мына тар жолға омарта орнатып, сыныққа сылтау іздеп, малдың бәрін айдап аламыз деп азғырған өзің емес пе едің? Омартаға тиісті деп әлгіні атып тастаған өзің емес пе? Жөнел сен де соның артынан, алжыған ақымақ!

Атамырза жалпақ белдіктен салаңдап тұрған қабұрға қол сала бергенде, Кузьмин қарттығына қарамай көз ілеспес жылдамдықпен Атамырза френчінің жағасынан шап етіп ала түсті. Кузьмин жағасына жармаспағанда Атамырза оны атар ма еді, атпас па еді, қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой, тек қорқытпақ болған шығар, ал енді сіңірі қатты әлуетті атаман қолы алқымынан алған кезде Атамырза Кузьминнің дәл қарнына пистолетті тақап тұрып, шүріппесін басып кеп қалды...

Атуын атқанмен, Кузьмин шалқая түсіп, аттан ауып бара жатқанмен, Атамырза оның сексеуілдей қатты шеңгелінен құтыла алмады да, өзі де Кузьминмен бірге құлап бара жатқанын үрейлене сезді.

Құлап бара жатып Атамырза әлдекімнен көмек тілегендей бос қолын ербеңдете, қарманатын зат іздеп жанталасып бақты. Ат үстінде тұрған солдаттар оған жетіп үлгіре алмады да, Атамырза жан дәрменде құз кемердегі бір түп шөпті үмітінің ақырғы ілігіндей қармай түсіп еді, таурайхан жарықтық Атамырзаның тым ауыр денесін ұстап қалуға жарамай тамырымен үзіліп, құм аралас топырақ комиссар мен атаманның шарасынан шыққан көздеріне сау-сау етіп, құйылып жүре берді.

Жол тосар қарақшылардың бұ дүниеде тоймай кеткен үңірек көздерін таурайхан тамырының топырағы толтырып жіберген кезде, Атамырзаның жан дауысы шығып, обыр құздың, тар қолтық терең шатқалын жаңғырық кернеп, үрейлі үн тамұқтың өзінен естілгендей болды.

Әзірейілдей жаңғырықтың қаңсылап біткен ақырғы ызыңын соноу төменде алқынып аққан ақ толқындар сарыны жұтып жіберді де, шатқал ішін лезде тыныштық жайлады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий