Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал мына күту басқа-а-а... Бұл үрейлі күту... Дәлірек айтқанда, үрей мен үміт. Екеуі екі дүние: біреуі — Түн, біреуі — Күн сияқты. Екеуін де жасай алатын бір-ақ адам. Ол—Сталин. Құдайдан несі кем? Үрейлендірем десе, үрейлендіреді, үміттендірем десе, үміттендіреді. Ол Рысқұловтың хатын тым ұзақ болса да оқып шықты. Оқымауы мүмкін емес. Рысқұлов арзан сөздің адамы емес екенін Сталин біледі. Оның білмейтіні кемде-кем. Бәлкім білмейтіні жоқ та шығар. Ол сонысымен құдіретті. Ол хатты оқыды. Бірақ неге тым-тырыс? Ұнамаса — қаһарланар. Ал Сталин қаһарланса, жарты әлемнің астан-кестеңін шығара алады.

Жалғыз Рысқұлов ол үшін кім? Қоңырауды бір басып қалса бітіп жатыр. Қоңырауды бір басып қалғанда, бір ауыз сөзді кімге айтарына байланысты. Егер Ягодаға: «Ана Совнаркомдағы Рысқұловтың көзін құрт! —десе, бітіп жатыр. Ягода — ОГПУ.

Кешегі өткен Феликс Дзержинскийдің ВЧК-сы бүгінде ОГПУ аталады. Оның бастығы Менжинский деген кісі еді. Дзержинскийдің тікшіл қасиеттерінің жұқанасы сол Менжин-скийде сақталып еді. Бірақ ол қазір дертті. Іс басынан кетті десе де болады. Менжинскийдің қызметін енді оның орынбасары Ягода деген атқарып тұр. Менжинскийдің енді қайтып көтеріле алмасын білген орынбасар қазір тым-тым пысық, тым-тым тілалғыш, тым-тым көзге түскіш. Сталиннің айтқанын екі етпес. Тіпті оның айтқаны дұрыс па, бұрыс па, бір сәт те ойланып жатпас. Айтылды — болды, мүлтіксіз орындар. Бұрын ЧК-ның маңдайшасында Дзержинскийдің қанатты сөзі жазулы тұрар еді: «Чекист! Басың салқын, жүрегің ыстық, қолың таза болсын!»

А, Ягода қазірдің өзінде-ақ қолын жазықсыз қанға былғап алды-ау...

Рысқұловтың хатында Сталинге ұнамайтын, тіпті оның жынына тиетін ауыр-ауыр сөздер бар. «Ау, байтақ еліңнің бір шетін өрт алып жатқанда, кабинеттеріңе шалқақтап кіріп, шалжиып шығатындарың қалай?» — дейтін сияқты Рысқұловтың кейбір сөздері. «Егер КСРО дейтін елдің бір шетіне жау басып кіріп, халқын қырып жатса, әрине, қол қусырып қарап отырмайсыңдар ғой. Қолма-қол соғысқа кірісіп, елдің шекарасын қорғайсыңдар ғой. Ал енді Қазақстанға шеттен жау шапқан жоқ, бірақ халқы қырылып жатыр. Бір ауыл, екі ауыл, тіпті бір аудан, екі аудан болса ештеңе емес, тұтас республика апатқа ұшырады. Құртып бара жатыр. Ал сендердің бұл отырыстарың — қай отырыс?!

Рысқұловтың хатындағы сөздерді кәдімгі иманды жүрек тіліне аударғанда мағынасы осылай болып шығады. Ал оны Сталин түсінбейді емес. Сталин тү-сі-не-е-ді.

Ал түсінді дейік. Ендеше, неге дабыл қақпайды? Наркомдарды неге аяғынан тік тұрғызбайды? Саяси Бюроға шақырып алып: «Қазақстанды қырғыннан құтқарыңдар!» — деп, әдетінше бір-ақ кесіп неге айтпайды?

Рысқұлов Сталиннің терезесіне тесіле қарап тұрып, осы ойға кетеді. Кейде бұл ойлар өзіне де күдікті болып, осы мен бұра тартып бара жатқан жоқпын ба деп сескеніп те қалады. Бірақ ой тежеуге көнбейді. Сұңғыла ой тасқындап келе береді, келе береді. Бұл шақшадай басқа Құдай мұншама шексіз ойды қалай сыйғызған?

Ал бұлай ойламайын десе, Сталиннің пейілі таза, ниеті түзу дейін десе, «ойбай, өлдім!» — деп шыңғырған жан даусына селт етпейді. Бұл қалай? Алты күн өтті, жетінші күн де сур бұлттардың арасынан ауру көздей кіржиіп, ұясына кіріп барады.

Сталиннен хабар жоқ. Телефонның тұтқасын көтеріп:

— Рысқұлов, сенікі дұрыс, яки бұрыс, — деген бір-ақ сөзі жетіп жатыр ғой. Мейлі, телефонның тұтқасын өзі көтермей-ақ қойсын, әлгі қысыр жыландай атырылып тұрған ысқаяқ көмекшісі Постов деген бар емес пе? Соған тапсыра салса да болды ғой.

Ал Постовтың өзімен сөйлесейін десе, о да қауіпті.

— Жолдас Постов, өзіңіз білесіз, осыдан алты күн бұрын мен Сталин жолдаста болғанмын. Хат қалдырып кетіп едім. Соның тағдыры не болды екен? Білмейсіз бе? — деп сұрай салуға болады, әрине. Онда тұрған не бар? Постов сол үшін отырған жоқ па?

Жоқ. Постов қиын. Постов тіпті Сталиннен де қауіптірек. Постов наркомдармен Сталиннің атынан сөйлеседі. Мысалы:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий