Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол Ескендір болмаса, мына Тау-Шілмембеттің үш кісісі айдаладағы орыстың кемпірін, сірә іздеп келер ме еді? Ал Рысқұлов болса, күндіз-түні жұмыстан бас бұрып көрген жан емес. Баласын анда-санда бір келіп, көріп кеткені болмаса, оны бағып-қағарға әзір оның дәрмені жоқ. Баланың қамынан да қату істер, халықтың ісін мойнына іліп алған.

Бірақ күндердің күнінде ол «уһ» деп, ес жиып, үй-жай болып, Ескендірді өз қолына алып кетсе, әне, мына кемпірдің мүлде жерге қарап қалар кезі сонда болмақ.

Қазір шараптың буымен көңілі босаған егде әйел сол күдігін де меймандарына айтып, бір мезгіл жылап та алды.

Қызулы Дәу Омар желігіп:

— Нешауа, құдағи, біз бар, Түлкібас жақын. Көмектесеміз. Әйтпесе көшіріп аламыз, — деп Елизавета Петровнаның арқасынан қағып-қағып қойды.

— Қайдам, — деп қойды құдағи. — Топырақ маған осы Манкенттен бұйыратын шығар. Ояздың әйелі екенім рас, бірақ ол заман өтті-кетті. Ешкімге зияным жоқ, өз күнімді өзім көріп отырған жанмын. Ауық-ауық Тұрар келіп, хал сұрап тұрады. Келгеннен қашан кеткенінше баласын қолынан тастамайды. Клевенцов сияқты азғындар айтады: «Рысқұлов баласына да қарамайды, халыққа қайдан мейірімі түседі», — деп. Әдейі елге тарасын деп айтады. Ал Тұрар бұл баладан шығарға жаны бөлек. Тым жақсы көргенін мен де жаратпаймын. Біртүрлі қызғанамын. Әкетіп қалса, не болмақ?

Оразбақ осы әңгімені қазақшалағанда Ахат елжіреді: «Апыр-ай, орыс та балажан болады екен-ау. Адамның бәрі адам ғой. Бәрінде де жұдырықтай жүрек бар. Сол жүрегі түскір бәрінде де бірдей мына құдағидікіндей асыл қазынаға толы болар ма еді. Сонда адамзат азбас еді-ау»,—деп құдағиына бұрылып, сампылдап сөйледі:

—Ракмет, құдағи, Құдай саған жамандық көрсетпесін. Сен біздің бір тұяқты бағып отырсың. А, ол рақымың текке кетпес. Тұрар іс басты ғой. Қазір Мәскеуде дейді. Сені ренжітпес. Дәм-тұзыңа ризамыз, құдағи. Ұлық орыстардай бізді «жабайы қазақ»деп кемсітпей, шын ықыласыңмен күттің. Нәсілін асыл, жаның таза екен, жарқыным. Ал енді біз күн кешкірмей тұрғанда қайтайық.

— Қоныңыздар, — деді құдағи. — Сіздер келіп, мен де бір серпіліп қалдым. Тағы да келіп тұрыңыздар. Ескендір сіздердікі екені рас. Жиі келіп, иіс сіңіре беріңіздер. Жат болмасқа, жатырқамасқа жақсы.

— Қонсақ, қона салсақ қайтеді? — деп Дәу Омар қынжылғандай болды.

— Тәйт! — деді Ахат. — «Бір күн қонақ—құт, екі күн қонақ— жұт» дегенді білмеуші ме ең?!

Қонақтар атты арбаға жегіп, кері қайтарда, Елизавета Петровна Ескендірді көтеріп далаға шықты. Бір қолында үш бөлек шыныға салған қып-қызыл бірдеңесі бар.

— Мынаны құдағиларға беріңіздер, — деді Елизавета Петровна шыныларды ұсынып.

— Шарап па? — деп Дәу Омар көзі кілегейленді.

— Шырын. Өзім өсірген бүлдіргеннің шырыны. Құдағилар дәм татсын.

— О, тоба! Осы орыстардың білмейтіні жоқ. Бүлдірген деген біздің сай-сайда тұнып тұрмай ма? Біздің қатындар одан мұндай шырын жасау қайда, — деп Дәу Омар әлдеқандай өкініш айтты.

Елизавета Петровна құдалармен қол алысып қоштасты. Құдалар Ескендірдің бетінен сүйді. Бала ернін дүрдитіңкіреп: «Бұлар неге кетіп қалды?» — дегендей қабақ түйді.

Ахат Ескендірдің қолын босатпай:

—Тәңірім өміріңді ұзақ қылсын. Бақытты бол, бауырым балғыным. Сен біздің ұрпақсың. Түсіндің бе? Ұмытпа еліңді! — деді.

— Ой, Аха, үлкен адаммен сөйлескендей болдың ғой. Сен де баласын ғой бірақ... — деп күлді Дәу Омар.

Ахат үн қатпай, күрсінді де қойды. «Бала түсінбейді, әрине. Бірақ менің айтқан тілегімді Құдай құлағына құйып қояр. Нендей тағдыр күтіп тұр нәрестені? Кім білген? Біздің нәсілге тарта ма, жоқ қаны бөтен болып кете ме? Әкесіне тартып азамат бола ма әлде... Кім біледі? Ішінен:

Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса, оңбас деген.

Шешеңнен бір кінәрат шықпаса екен,

Иттің боғы қылшықсыз болмас деген.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий