Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бухарин бір жиналыс өткізіп жатыр екен, бізді қабылдамады. Түркістанды «қуыршақ республика» деп кекетіп жүретіні бізге де естіліп жататын. Сонысынан секем бар еді, ойлағандай болды. Әйтпесе, ізет үшін болса да қолы тиетін уақытты белгілеп, кездесетін сәтке тұру керек еді, оны да айтпады.

Ал енді, қазақшалап айтсақ, сіңбіруге де уақыты жоқ кісі Дзержинский еді ғой. А, ол бірден қабылдады. Ол біздің Турккомиссиямен дауымызды қазбалап жатпады. Басмашылар жағына шұқшиды. Кеңес милициясында жүрген Мадаминбек неге құрбашы болып кетті? Ергешті не түлен түртті? Жүнәидханның халі қалай? Қанша қаруы бар, қанша қолы бар? Оларды жоюдың жолы қалай?

Міне, әңгіме арқауы осы болды да, біз білгенімізше жай-жағдаятты түсіндірдік. Дзержинский Мәскеуде әлі қанша уақыт болатынымызды бізден сұрамай-ақ шамалады да, тағы да кездеспек болды.

Енді неде болса ерінбейік деп барған нарком Луначарскийден тапқан бір олжамыз: Ташкентте университет ашу туралы уәде алдық. Театр жайы, мектеп жайы... Көп әңгіме айтылды. Қоштасарда Луначарский өзі қол қойып, Низам екеумізге екі билет ұсынды.

— Үлкен театр. Бүгін кешке «Демон», соны тамашалаңыздар. Жалпы, Мәскеуде қанша уақыт боласыздар, күн құрғатпай театрға барып тұрыңыздар. Сіздерге тұрақты билет беріледі, — деп өте биязы, өте көргенді мінез танытып қоштасты. «Демон, Демон» десем керек өзімнен өзім күбірлеп. Низам:

— Ләппәй? — деді. — Нәмә дедіңіз?

— Жәй, театрды айтам, былтыр Ташкентте осы «Демон» қойылып жатқанда Наташа келініңіз екеуміз бармақшы болғанбыз. Аяқ астынан Ферғана жүріп кеттім де, «Демонға» бара алмай қалғанбыз. Енді міне, сәті түсті. Бірақ Наташа жоқ.

Сонда Низам бетіме ажырая бір қарады. «Осы-ақ сол бір әйелді ұмытпайды екен?» — деп ренжіді ме, білмеймін.

Ал Наташаны ұмыту... Оны сен жаздың, бала. Әлің жеткенше әділін жаздың. Бірақ оның аты Наталья емес еді ғой. Әлдеқалай шикілік шыға ма деп сақтандың білем. Генералдың қызы деген қырсығы бар. Әйтпесе, оның шын аты Татьяна еді ғой. Татьяна Алексеевна Колосовская! Сенің Наташа, Наталья деп жүргенің сол. Обалы не керек, шамаң жеткен жерге дейін жаздың. Бірақ шын Тұрар мен Татьянадай болу қайда-а-а?! Екеуміздің жан дүниемізде, атар таңдай себезгілеп басталып, алаулаған алау сезімімізді сен тұрмақ, жазушы болсам, мен өзім де жаза алмас едім. Мені музыкант еткен Татьяна еді ғой. Сөз емес, ондай сел сезімді музыка ғана жеткізе алуы ықтимал. Мен өмір дейтін дүниеде көпті көрдім. Жаманшылық жауар бұлттан қалың еді, а жақсылығы да мол болды. Атақ-дәреже, мансап дейсің бе, бір адамға жетіп-артылардай-ақ бұйырды. Бірақ бәрінен де асылы — сол Татьянага деген ынтық, ыстық сезім еді ғой. Сондықтан тағдыр маған тарлық етті дей алмаймын, бауырым.

«Бауырым»,—дедім, таңданба, бала. Барлық қазақ менің бауырым ғой. А, бірақ сенің әкең бізге жамағайын, менімен түйдей жасты еді. Қыз алыспайтын елдің азаматы болатын. Түлкібаста жиырмасыншы-отызыншы жылдары бірер рет көрдім. Кілең боздан киініп, ақбоз ат мініп жүретін сырбаз кісі еді. О да Шілмембет, бірақ Тау-Шілмембет емес. Кейін «рыскуловщинаға» о да ілікті. Талайлардың обалына қалдым. «Рыскуловщинаға» таңылып кеткендер көп. Оған, әрине, мен кінәлі емес едім. Рысқұлов мен едім де, «рыскуловщина» — жабысқан жала еді. «Өрлеу», яғни ренессанс дәуірінің Римдегі бір қайраткері Макиавеллиден хабарың бар шығар, «Макиавеллизм» десе, білсе де, білмесе де, жұрт жиіркеніп, мұрнын тыржитады. Албастының иісі аңқып тұрғандай көреді. Ол екіжүзділіктің, ібіліс айлакердің, опасыз оппаның символы сияқты болып кеткен. Сондағы Макиавеллидің бар жазығы — тоз-тоз болып, шілдің қиындай ыдырап кеткен Италия елінің басын біріктіріп, әділетті жаңа қоғам құру еді ғой. «Государь» деген кітап жазып, ондай әділетті қоғамның көсемі қандай болу керек деген сұраққа буржуазиялық дүниенің талабына сай ғаламат жауаптар береді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий