Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қайын енесі сол баяғы бір уайым, бір мұңын қайталайды. Ескендірдің шешесі бөтен біреумен үйлі-жайлы болып кетті. Енді ол қайырылмас. Қашанғы салт басты, сабау қамшылы жүре бересің, Тұрар, — дейді. Ер-азаматқа жалғыз жүру, үйсіз-жайсыз болу жараспайды, — дейді. Ұлың өсіп келеді бауырыңа салып, титтейінен әкелік мейіріміңді сіңірмесең жатбауыр болып кетеді,—дейді. Әйел де табылар, басқа балаларың да болар, бірақ Ескендірдің жөні бөлек. Ол сенің тұла бойың — тұңғышың, ол сенің алғашқы адал махаббатың Наталья Алексеевнадан туған тұлпардың тұяғы. Өзіңнен аумай қалған. Қалай еміренбейсің, қалай сағынбайсың? Әлде мемлекет басқарған адамдар бала сүймесін, балаға иімесін деген заңдарың бар ма?

Бұл кей-кейде осылай бір арындап алмаса, адам ішқұса болатындықтан айтылған сандырақ қой, Тұрар. Көңіліңе ауыр алма. Жұмысбасты екеніңді білемін, сенің қатыгез емес екеніңді де білемін. Бірақ көптен бері ат ізін салмай кеткенің де жөн емес. Айтпақшы, Түлкібастағы туыстарың — Ахат, Дәу Омар, Оразбақ келіп, мейман болып кетті. Ескендірді іздеп келіпті, әйтпесе мені не қылсын? Қой сойып әкеліпті. Құда-жекжат деген жақсы екен. Енді жиі келіп тұрмақшы. Мені ауылға шақырады. Жалғызілікті болғандықтан, әзір үйді тастап шыға алмаймын. Құдаларым жақсы екен. Ә дегенде жатырқаса да, Ескендір оларға тез-ақ үйреніп, қолдарынан түспей қойды. Олар аттанарда бұртиып, өкпелеп қалған сияқтанды. Әне, қандай хал басымыздан өтіп жатыр. Демалыс алсаң, елге кел, Тұрар. Біраз күн ұлыңмен бірге бол...

Хатты қолына ұстаған қалпы креслодан тұрмай, ақ перделі терезеден көз алмай, көпке дейін отырып қалды. Көпке дейін отырғанын хатты қайта бір оқиын дегенде көзі бұлдырап көрмей, қараңғы түскенінен аңғарды. Терезе сырты — арындап жатқан, арлы-берлі ағылып жатқан машина шуы. Алып Мәскеу. Ал мұның ойы — алыста, Аспантаудың бауырында. Орнынан тұрғысы жоқ, шамды да жақпады. Алакөбең оңашада өзінің қат-қат ойына шомыла берді. Алакөбеңде көз алдына көптеген сурет келді. Бұтақтары иір-шиыр алма ағаштар... Арық жағасында арқандаулы тұрған ақ ешкі. Арықтың бер жағында шынжырын сылдырлатқан арлан көк. Есік алдында, тақтайдан соққан орындықта Ескендірді алдына алып отырған орыс кемпір... Елизавета Петровнаның орнына өз шешесі Қалипа марқұмды отырғызып көргісі келді. Қалипаның түр-түсін елестете алмады. Көкірегінде, көкірек көзінде ананың елесі қалмағаны қандай қорлық?! Не деген әділетсіздік?! Рысқұлов кінәлі емес. Қалипа анасы тірі болса, Рысқұлов оны жердің түбіне барса да, өзімен бірге ерте жүрер еді... Қалипаның орнына анасы болған Ізбайша жазған да бұл дүниеде жоқ. Өгей де болса, өз шешесінен кем көрмеуші еді. Аласапыран заманның дауылынан аман шыға алмай арманда кеткен бір бейбақ. Ізбайшаға Ескендірді көтеріп отыру жарасар-ақ еді, тағдыр жазбады.

Енді Ескендір Елизавета Петровнаның бауырында. Ана сүтін ембеген тағы бір Рысқұлов өсіп келеді. Кім болып өседі? Титтей жүрегінің қос қалтасына қандай қасиет ұяламақ? Балаңның жүрегіне сезімнің, адамгершілік пен ізгіліктің інжу-маржанын ұялатамын десең жат қылма, жанында бол. Әкеден жырақ, әкелік мейірімнен ажырап өскен бала, ертең: «Сен кімсің?» — десе не дейсің, Рысқұлов?! Дүниеде не қиын? Ғұмыр атты ұзын жолда тым алысқа кетіп қалып, кенет артыңа бұрылып қарағанда, көз ұшында бала көрінбесе, сол қиын.

Сол көз ұшында көрінбей қалған балаға бір-ақ қарғып жеткісі келгендей, Рысқұлов кенет креслодан атып тұрды.

— Бұл жарамас. Баланы қолға алу керек. Көнсе, Елизавета Петровнаны Мәскеуге көшіріп алу керек. Жоқ, бұл жарамайды, жарамайды, — деп күбірледі. Алыстаты Ескендірге деген сағыныш білінбей-білінбей келіп, енді кеудесін керіп кеп кеткенде, Рысқұлов мына «Метрополь» мейманханасының кең бөлмесінен ауа жетпей тұншығып бара жатқандай, жүгіріп барып, үлкен терезенің жақтауын айқара ашып жіберді. Көшеден лап берген ауа шілтерлі торды лекілдетіп, кеменің желкеніндей қампитып керіп кетті.

Телефон шырылдады. Қараңғыда ақ телефон секеңдеп кеткен сияқты көрінді.

– Да!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий