Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Тұрар Рискюлович, тағы бір шаруа шығып тұр,—деді Сталин артық бас әңгімеге бармай. — Өзің білесің, Еділ бойы қатты күйзеліске ұшырады. Қатерлі ауру тарап, халық қалжырап қалды. Жолыңда ғой, біраз күн жолай кідіріп, жергілікті басшылыққа көмек көрсете кет: не зәру, қай жерде аштықпен, аурумен күрес бәсең — соны анықтап, Самарадан хабарлас. Осы өтінішті орындаған соң, әрі қарай Түркістанға сапарың оң болсын. Мұны саған тапсырып отырғанымыз: аштықпен, індетпен күресте сенен тәжірибелі қайраткер аз-ау, сірә. Түркістанның «Помголын» бастан кешірдің ғой әрі десе, «Помголды» аса бір білгірлікпен, үлкен жігер-қайратпен, әрі ерекше жанашырлықпен атқарғаныңды біз ұмытқан жоқпыз. Солай, Рискюлов жолдас!

Әне, Сталиннің сол сөзінен кейін, Рысқұлов жарты ай бойы, Еділ бойындағы елдерді аралап жүрді. Қатерлі індет ауруына ұшыраған халыққа мұнда да қанатымен су себелеген қарлығаштай тыным таппай жұмыс істеді. Ауру өрті әсіресе асқынған жерге қолма-қол жәрдем беру керек кезде, сол арадан тікелей Мәскеумен хабарласып, Сталиннің өзімен сөйлесіп, жай-жапсарды баяндап отырды. Қай жерге қанша дәрігер, қанша қаржы, азық-түлік керек, басқа да қандай төтенше жәрдем керек — бәрін тап-тұйнақтай ұйымдастырып болып, соңғы бекет — Самараға соққан.

Губкомда губерния басшылары жергілікті жағдаймен таныстырды. Індет бұл өлкені де шарпыған. Кеңседегі әңгіме қысқа болды.

— Жәрдемді қолма-қол ұйымдастыру үшін, жағдайды көзбен көріп, қаланы аралап шыққан дұрыс болар, — деп ұсынды Рысқұлов. Жергілікті басшылар бұл ұсынысты қабыл алып, жиналыс тез аяқталды.

Губкомның еңселі үйінің қабырғасына: «Қол алысып амандасуға тыйым салынады!» — деген жазу ірі-ірі әріптермен теріліп, жаппай ілінген. О баста губерния басшыларымен шала-пұла танысқан Рысқұлов, олардың арасынан бір адамға назары ерекше ауа берді. Ол да бұған қарайлай береді. Ресми сөз тәмәмдалғанда ғана, әлгі адам бұған жақындап келіп:

— Тұрар, мені танымадың ба? — деді.

— Шырамытып тұр едім, енді анық таныдым: Әкбар!

— Иә, мен!

Екеуі құшақ жая бір-біріне ұмтылып, қауыша төс соғыстырып, біразға дейін теңселіп тұрып алды.

— Ау, бұларыңыз тәртіп бұзу ғой, — деп қалды басшылардың біреуі.

— Біз қол алысқан жоқпыз ғой, — деді Рысқұлов. — Әкбар менің ескі досым. Көріспегелі қанша...

— Сегіз жыл, — деп жымиды Әкбар. — Он төртінші жылдың күзінде танысқанбыз.

Он төртінші жылы екеуі де балаң жігіт, әлі мұрттары да тебіндемеген балғын бозым еді. Енді Рысқұлов бармақ мұрт қойса, Әкбардікі қияқтай сұлу мұрт болыпты. Бірақ ол Рысқұлов сияқты көзілдірік тақпайды екен. Қараторы жүзі күреңденіп, ерте есейгендіктің табы білінеді. Әкбар губком хатшыларының бірі екен. Ол қаланы аралауда Рысқұловпен бірге болатын болды.

Екеуі бір-бірінен амандық-есендікті қысқа ғана қайырып білісті де, көбінесе аурулар шоғырланған пункттерді аралаумен көп сөйлесуге де мұршалары келмеді. Қаланың ауруханаларында науқастарға орын жетпейді. Кеселханалар аузы-мұрнынан шыға толы. Ең орталық ауруханасына келгенде, Рысқұлов дәлізде жатқан адамдарды көрді. Лықсып, ыңырсып жатыр. Сақтықпен ақ халатқа оранып, ауыз-мұрындарын ақ дәкемен таңып алса да, Рысқұлов күлімсі сасық иісті сезді. Мұндай сойқанның талайын көріп, бастан кешкен Рысқұлов қой. Әулиеатадағы он жетінші жыл, Ташкенттегі он сегізінші жыл. Мұндай ыңырсыған тажал тұзағындағы адамдарды Рысқұлов көп көрді. Бірақ дәл қазір біртүрлі сескенгендей сезім шалықтап өтті. Онысын Әкбарға білдірмеуге тырысты. Әкбар да сыр берер емес. Революция шыңдаған ерлердің бірі ғой. Он төртінші жылдың күзінде Самарадағы ауылшаруашылық институтына соноу Оралтаудан оқуға келіп, Тұрар сияқты бұл да қабылданбай қалған. «Номадтарға егін егуді үйренудің қажеті жоқ. Малын бағып жүре берсін»,—деген институт бастығы. Әкбар сонда танысып, тағдырлас болған. Міне, енді жергілікті үкімет басшыларының бірі болыпты. Рысқұлов революция отын Әулиеатада кешсе, бұл әйгілі Чапаев дивизиясында жүріп, революция жауларымен алысыпты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий