Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең

Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.

Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

─ Ой, салым! Үндемеуін қараш. Әсемнен тудым деп тек бер жағымен айтады.

Ызақор бала иегі кемсеңдеп, күшпен тежеген жас көзінде мөлтілдеп тұр. Қалау енді оның жер-жебіріне жетіп:

− Сен ана саман қатыннан тудың, - деп Кенжекейді көрсетіп еді, бала:

− Жоқ, жоқ, онан туғам жоқ, әжемнен тудым, әжемнен тудым, - деп азарда-безер болды.

Анадағы оқиғадан кейін Кенжекей назарын тіктеп қайнысының бетіне қараған емес-ті. Үй ішінде әлдеқалай кездесе қалса да, Кенжекей бетін бұрып, теріс айналып кетіп жүрген. Сонан бері Қалау да жеңгесіне қатты өшігіп алып еді.

─ Әсеңнен туғаның рас болса, мә, мына көсеуді ал! Ана саман қатынды ұр! Тек, аяма, қатты ұр! - деп баланы тағы бір пәлеге айдап салды.

Ағасы берген көсеуді Өтеш қос қолымен ұстауы ұстаса да, бірақ орнынан тырп етпей дір -дір етіп тұр.

− Ой, салым!.. Анаңды аяп тұрсың ба? - деп Қалау баланы қайрай түсті. Бала рахымсыз қатал ағаның екі көзін айырмай бағып тұрғанын көрді.

− Ұр! Ұр! - деді Қалау.

Бала бықсып жанбай жатқан отты үрлеп жатқан Кенжекейді бара сала шыныменен аямай ұратындай жүгіріп барды. Бірақ дәл ұрар жерде қолы бармай, дір - дір етіп тұрып қап еді, сол сәтте сырт жағынан:

− Ой, күсік, ұрр! Ұр, - деген әмірді есітті.

Бала қолында көтеріп тұрған көсеуді қалай сілтеп қалғанын білмеді. Көйлекшең отырған Кенжекейдің қарына темір көсеудің тұмсығы қатты тиген-ді. Кенжекей көсеу тиген жерді қысып ұстады да, дем алмай отырып қалды. Сонан бір кезде баласына бұрылып:

− Ай, Өтешжан - ай, саған не дейін... баласың ғой әлі! - деді ақырын, ашу - зілсіз, жәй ғана.

Өтеш көзіне жас құйылып тұрса да, жұрт алдында жылай алмай, иегі дірілдеп, көгеріп қатты да қалды. Қалау мәз боп, санын шапаттап жатыр еді, ертеден бері Қалаудың істеп жатқан бүлігін үнсіз бағып отырған Төлеу орнынан атып тұрды. Бара сала інісін жағасынан жұлқып:

─ Ой, ит!.. Тұр! - деп ақырып еді, Қалау ағасының қолын қағып жіберген бойы ең бір жанды жеріне қойып қалды.

Бала кезде Қалауды тай теуіп бет сүйегі жарылып, сол арасы кейін тыртық боп біткен-ді. Тұяқтың орны қазір ырсиған тыртық. Әсіресе, ыржалақтап күлгенде бүткіл беті бір жағына қарай ырсия қисайып, ұсқыны қашып кететін-ді. Онсыз да өзінде құлақ жоқ. Мойын жоқ. Бұзаушық сабындай басты бауырына үлкен ызғармен тартып, сүзеген тайынша бұқадай төбелеске әзір тұр екен. Төлеу бір кісіге дербес әлі келетін. Әсіресе, қара білек, бірге-бір төбелесте ешкімге дес бермейтін. Ол інісіне үлкен ызғармен ұмтыла бергенде, анадай жерде ағаш төсекте жатқан ананың көзіне көзі түсіп тоқтай қалды. Анасы екі күннен бері тіл - жағы байланып, үй ішін көзімен жеп жатқан-ды.

− Тұра тұр, бала. Бұл үйде енді қай жеңгеніміз тұрармыз.

− Болсын. Оған да тұрам. - Төлеу анасына барып еді. Бірақ қара кемпір онан көзін аударып, жүзін басқа бұрып әкетті. Бұл түрі: «Бар сенгенім сен едің. Сенен де қол жудым. Тым құрыса, анаңның бетін жапқанын күтсең нетті», - деп налып, көңілін ары салғандай еді.

Айғанша үйге жүгіріп кірді: табалдырықтан аттай бере қара көзі жалт етіп анасы жатқан жаққа қарады. Сосын үй ішіндегі жандарға жылдам көз тастады да, анасына жетіп барды. Төсегінің жанына тізерлеп отыра қап, анасының мұздап бара жатқан қолын ұстады.

─ Апаа..

Кемпір қызының қолын ұстап ерніне апарды. Бұрын - соң анасының мұншалық елжірек кезін көрмеген Айғанша үрейленіп кетті.

─ Апа!.. Апа - еке!..

Кемпірдің әлсіз саусақтары ақырын жазылып, уысы босап баратты. Сол сол екен, көрпе астында жатқан ірі дене ышқына бір созылғандай, қол - аяғы қапелімде ұзарып кетті. Айғанша өкіріп жылап, анасын құшақтап үстіне құлады. Екі келіншек екі жерден дауыс салып, балалар үрпиісіп, үй іші әп - сәтте у-шу болды да кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий