Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең

Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.

Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тәңірберген оның жауап тосып тұрғанын байқаса да, әдейі ашындырып, ызасын қайната түскісі келді де, әрегіректе ау қарап жатқан балықшыға назар аударып, оны иегімен нұсқап:

− Анау кім? - деді. Дос жаратпай:

− Әлгі алжыған шал ғой, - дей салды.

− Мөңке ме? Оның жағдайы қалай?

− Оны қайтесің? Онан да, Тәңірбергенжан, әуелі жаңағы сөзіңді түптеші. Мүмкін, мен түсінбей жүрген шығармын.

− Иә, сен түсінбей жүрсің. Темірке қырына алса Мөңкені алды, сенде несі бар? Сен іргеңді онан әлдеқашан ашып, әлдеқашан бөлектеп алған жоқсың ба?

− Онан бүгінде жөнім басқа.

− Ендеше жарайды, Теміркені көндіруді мен мойныма алайын. Ал, өзің ше?

− Мен бе?

− Иә, сен. Мен білсем, Мөңке іргесінен үйір алдырмайтын құтпан айғыр ғой. Шыныңды айтшы, өзіңе-өзің сеніп, ертеңгі күні табан тіреп тартысқа түсе аласың ба?

Дос мырзаның аржақ ойын аңғармады. Қандай сөзді де тура қабылдайтын дөкір жан осы арада оған өз көңіліндегі ойын ашық айтты:

− Тәңірбергенжан, несін қазбалай бересің? Егер сондай атты күн болып, Темірке көнсе, көре қал, бар балықшы Мөңкеден бір күнде іргесін ашып, сыпырылып шығады.

− Жә, енді болды. Ертеңнен бастап өз абызындағы жігіттеріңді жинап ал да, ауыңды осы теңіздің қалаған жеріне сал.

− Курнос Иванды қайтеміз?

Тәңірберген қойын қалтасынан тілдей бір қағаз алып, Досқа ұсынды. Мұнысы запрет жерге ay салуға ерік берген қағаз екен.. Мырзаның осы жолы қаладан бітіріп қайтқан бір шаруасы осы еді. Темірке алғашқы сәтте бет бақтырмай: «Иоқ - иоқ, ул болми. Ул жирләр қып - қызыл байлық, бит», - деп қасарып отырып алды. Осылай боларын алдын ала біліп келгендей, Тәңірберген түк сасқан жоқ. Тек мұртынан күліп: «Ай, бай - ай! Сенің байлығыңды балықшыларға талатқалы отыр дейсің бе мені?.. Тегі, күндердің күнінде қолдағы байлықтан айырылып қалмау үшін де қорғаныш мықты болу керек емес пе? Мына балықшыларды азбен алдап, өздерін қолыңда ұстап отырсаң, қораңды күзеткен иттен кем бола ма? » - деп, татар байын түпкі ойына көземелдеп қойды да, осы рұқсат қағазды онан оп-оңай алып еді.

Дос қағазды қойнына басып алды. Тәңірберген қоштасып жүріп кетті. Көңілі тынышталғасын ат басын промсолға туралады. Сырт хабардан Ақбаланың мұнда көп тұрақтамай, тоң балық тиеген кірешілерге ілесіп, қыстың көзі қырауда Шалқар шаһарына көз асып кеткенін есіткен. Келешекте қандай қорлық көрсе де, табашыл көптің көзіне түспей, танымайтын сырт жерде болғысы келген есебі ме екен?

Тәңірберген бұл күндері Ақбаланың атын өзі де, өзгеге де ауызға алғызбай тыйым салып қойып еді; бұл өмірінде Ақбала деген әйелдің болғаны да есінен шығып кеткендей еді. Ол жөнінде сыртқа сыр шашпай, ит өлсе де бәрін ішіне жиып, тысқа тісінен шығармай, тістеніп алған-ды. Ақбаланы үйден айдап шыққан күннің ертеңіне қаперіне түк кіріп шықпастан ел аралап кеткен қаталдығына кейін оның өзі де таң қалған-ды.

Промсол басында халық көп екен. Қалаға тоң балық апарып қайтқан кірешілер Тәңірберген келердің алдында ғана оралыпты. Кіре тартқан түйелер Тәңірбергендікі, кірешілердің де тең жартысы Тәңірбергеннің жігіттері болатын.

Олар мырзаны көре сала жүгіріп кеп, жалпылдап амандаса бастады.

− Қалай, көліктерің тың ба? - деді Тәңірберген.

− Шүкір. Қоңы жығылған жоқ.

− Қалай, бұндағылардың жүгі әзір ме екен?

− Әзірі әзір - ау... бірақ, мырза... бір- екі күн қатын - баланың қасында болып, кір -қоңымызды жудырып дегендей...

− Жоқты соқпа! Көліктер тың тұрғанда қалаға жиірек қатынап алу керек.

Өзі айтқан жерде мыналардың қарсы келе алмасын білген мырза әлгіден кейін ешкімді де тыңдамай, бұрылып жөнеле берді. Қарт кіреші әлдене айтқысы келгендей, қатарласып еріп келе жатып:

− Мырза... - деп еді.

− Жә, айттым ғой...

− Жоқ, ол емес, басқа...

− Ол не?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий