Knigionline.co » Казахские книги » Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев

Книга «Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жұрт отқа тоғайдан көк тал әкеп жағады. Көлігі барлар атқа, өгізге теңдеп әкеледі. Көлігі жоқтар жаяу арқалап жүргені. Таудай қарағай алып келуге шама жоқ.

Отынды жаяу арқалап әкелетіндер – әйел, бала-шағалар. Қарттар, жігіттер бұны намыс көреді.

Өмір бойы көшпенді тіршілік құрған халық кірпіш­тей отынға үнемді, жылуды жақсы сақтайтын пеш салу­ды да біле қоймайды. Отты бөлменің қақ ортасына орнатылған темір пешке жағады.

Қаңылтыр пеш от лаулап жанған кезде бірден ысиды. От сөнгенде, бірден суиды. Жылу сақтамайды. Үйде­гі бар жылуды бекітері жоқ қаңылтыр труба лезде сорып әкетеді.

Көк тал пыш-пыш етіп жөнді жанбайды. Үрлей-үрлей өңешің құрғап, көзіңнен жас шығады.

Мұндағы жұрт тас көмірді әлі көрмеген де.

Отынды ертеңді-кеш тек тамақ дайындау үшін жағады. Міне, сол кезде әр үйдің есігінің алдында шотпен, балтамен тоңқаң-тоңқаң етіп тал бұтап жатқан адамдар.

Ауылда қанша үй болса, сонша түтін шұбалып көк­ке көтеріледі. Алыстағы жолаушы осы арада ел мекені бар екенін тек соған қарап біледі.

Қыстыгүні тіршілік өте-мөте көңілсіз: жұрт ерте жа­­тады, кеш тұрады. Электрді білмейді, жермайды үнем­деп жағады. Кітап оқымайды, радио тыңдамайды, кино көрмейді, газет-журнал жаздырып алмайды.

Қазақ тойшыл, сауықшыл халық. Оған қазір жағдай жоқ.

Той болады, өте сирек болады. Және бұрынғы той емес.

Отыз үйлік Қостөбеде тіршіліктің тынысы қысты­гүні де бәсеңдемейтін, ішінен еңбек дүрсілі, адам күл­кісі үзілмейтін бір үй бар. Ол – ұста дүкені. Өкембай ұс­таның балғасының шың-шың соғылған даусы ауылдың бас-аяғына түгел естіледі. Суықтан қорынып, үйле­рінен шыға алмай отырған жұртқа: зеріксеңдер, мұнда келіңдер! Әңгіме-дүкен құрып, біріңмен-бірің әзіл­десіп, көңіл көтеріңдер дегендей болады. Мұнда маздап­ жанған от бар. Біреуден біреу сұрап алып тартатын ащы көк темекі бар.

Өкембай балғасының шақыруын қабыл алушылар табылады. Қолы бос, зерігіп отырған жігіттер шылымдарын бұрқ-бұрқ сорып, аяқтарын керенау басып, дүкенге қарай келе жатады. Ұста дүкені ауылдың дәл ортасында. Есігінің алдында ашық аспанның астында тот басып, шашылып жатқан, кейі бүтін, кейі сынған неше алуан соқа-сайман, арбалар. Бүкіл қыс бойына Өкем­бай оларды жамап-жасқап, жөндеумен болады. Колхоз басшылары әр бес күнде көктемгі егіс науқанына қызу дайындалып жатқандары жайлы ауданға есеп беріп отырады.

Өкембай ұста ғана емес, осы елдің он қолдан өнер тамған зергері. Колхоз жұмысының ара-арасында сыр-сыпаты қазіргі тіршіліктен басқашалау нәзік жұмыстармен де шұғылданады. Қыздарға, келіншектерге сыр­ға, білезік, жүзік, сөлкебай соғады. Сылқым бозбала, белсенділерге сабына араб әрпімен аттарын жазып, сәндеп бәкі жасап береді.

Өкембайға бәкі жасап берші деп, жалынып жүре­тіндер көп.

Бұл адамның дене бітімі қол тоқпақтай ғана. Әрі көсе, әрі кемиек. Үп-үшкіл қисық иегіне бір-біріне шатыса жабысып қалған төрт-бес тал қылды сақал деп атау қиын.

Өкембайдың аяғы қамыт аяқ, қолдары ұзын. Біз қос қолдап әрең көтеретін ауыр балғаны ол әлгі шағын денемен-ақ бір қолмен қамшыдай үйіреді. Жуандығы бі­лектей сом темірлерді жалғыз қолдап соққанда, қамырша илейді.

Өкембай еңбекқор және еңбек үстінде өте көңілді жүрегін адам. Түтін мен темір иісі бұрқыраған тар дү­кенде балғасын шық-шық соға жүріп, ылғи да ыңырсып өлең айтумен болады. Өлеңді ол жанынан шығарып, өзі қиыстырып айтады. Идеялық тұрғыдан мығым.­ Көсемдерді, партия мен мемлекет басшыларын мадақтап жыр етеді. Егер тағдыр жоғары оқу орнының филология факультетін бітіруге жазса, ол баяғыда-ақ тәп-тәуір газет ақыны болып кететін адам.

Оқымаған себепті ақынның санын көбейтпей, ауыл ұстасының санын көбейтіп жүр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий