Knigionline.co » Казахские книги » Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев

Книга «Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сөйтсем, мына қызыққа қараңыз: жолда Тереңөзек­ дейтін шұңғыл сай бар. Соның шыға беріс қабағында шананың шөңкие берген артынан мен домалап түсіп қалыппын. Оянбаппын. Қағаз аға ештеңе сезбейді де, кете береді. Әлден уақытта артына бұрылып:

– Бердібек, тоңған жоқсың ба? – дейді.

Сөйтсе, мен түгіл, менің көлеңкем де жоқ, шананың­ арты боп-бос. Қағаз ағаның жүрегі су ете қалады. «Япырау, бұл қайда кетті? Жын боп ұшып кетті ме?»

Қағаз аға ат басын кейін бұрады. Тереңөзектің шыға беріс қабағында қасқа жолдың үстінде тонға оранған қалпымда пыр-пыр ұйықтап жатқан мені көреді.

Оянып алып, не болғанын білген соң күлмеске лажым жоқ. Қағаз аға да күледі.

– Сол бойда артыма қарамастан кете берсем ғой, қаласың. Қасқырға жем боласың. Адамның ұйқысы мұндай да қатты болады екен, ой тоба! – дейді.

Халқының жарым бөлегі ұйғыр болып келетін Сүм­беде тауық көп. Тауық көп жерде қораз көп. Таң атқанын білдіріп, қалың қораз өңештерін жырта әнге салып­ жатқанда, қыстақтың шет жағындағы нағашым үйіне ат басын біз де тіредік.Тоғыз ауызНағашым үйі сегіз жаны бар үлкен семья. Олар: Сем­бай атам, Бөпке әжем. Екеуінің жасы да жетпіс бірде. Одан соң олардың балалары Қағазбай, қырық жеті жаста. Қағазбайдың әйелі Зәуре, күйеуінен екі-үш жас кіші.

Қағазбайдың екі ұл, екі қызы бар. Ұлдары Қасымқан, Рамазан. Қасымқан менен үш жас үлкен, Рамазан құрдас. Қыздары Оралхан, Оразхан – екеуі де мектепке­ бара қоймаған.

Тықса, тығын шақ келмейтін мауыздай сегіз ауыздың үстіне мен тоғызыншы болып қосылдым.

Бұл үйде жұмыс жасында саналатын екі ғана адам бар. Олар Қағазбай мен Зәуре. Зәуре науқасшаң, ауыр еңбекке жарамайды. Таңертең бригадир келіп:

– Жұмысқа шығыңдар! – деп айқай салғанда, қыс демей, жаз демей, ешқандай бөгеліссіз суырылып шығатын көнбіс Қағазбай ғана.

Бұл – бір адам тоғыз ауызды асырайды деген сөз. Тоғызы да ересек, сау ауыздар. Тамақ түгіл, тас тастасаң­ қарш-қарш шайнап, қылғып қоюға дайын. Мықты болсаң, тойындырып көр енді!

Қазақтың бойындағы бір асыл мінез жақынын дала­ға тастамайды. Аузындағы асынан жырып береді. Наға­шым үйі маған ешқандай да ауырсынған қабақ білдір­ген жоқ. Осы үйдің өз адамындай, менің басқа жаққа бармай, осында салмақ салып келуім заңды дегендей шұрқырап қарсы алды.

Атам Сембай тіп-тік биік денелі, бурыл сақалды, келбетті, мінезі қаталдау адам. Маңдайымнан бір иіскеді де қойды. Жақындығын, мейірімін солай білдірді.

Бөпке әжем ондай емес, көңілшек. Мені көрген жерде-ақ көңілі босап, кемсеңдеуге дайын тұрды. Бетіме бар сілекейін жұқтыра жабысып, сүйіп-сүйіп алды да, қайтыс болған қызы Әсбетті – менің шешемді еске алып, жоқтай жөнелді. «Әсбет-ау! Асылым-ау! Шынымен-ақ көз көрмес. құлақ естімеске кеткенің бе!»

Қағазбайдың әйелі Зәуре орта бойлы, шұбар жүзді, салмақты адам. Талайдан аурушаң, әрі баланы көп кө­терген. Өзі шұбар бет-аузын жыпырлаған әжім қоса басып, апамнан да бетер кәрі етіп жіберген. «Айналайын­ Беркенім. Жігіт бопсың ғой», – деп, ол-дағы бетімнен мейірлене сүйіп жатыр.

Балаларды қойшы, менің келгеніме олар мүлдем қарық. Менің енді осында оқитынымды біліп, әсіресе, Рамазан мәз, өйткені ол екеуміз бір класта оқимыз.

– Қасымнан орын тауып берем, қатар отырамыз, – дейді Рамазан. Тұра-бара ол екеуміздің арамызда ауыз жаласудан гөрі шекісулер көбірек болатынын әуелгі күні ол да, мен де болжай алмаған тәріздіміз.

Қағазбай нағашым нағыз ғажап адам. Біреуге иненің жасуындай жаманшылық ойлауды білмейді, өзім деген­ кісіге қоң етін ойып беруге дайын тұрады. Қағазбайлар­ көп болса, жер бетінде ешқандай қайғы да, қасірет те, ұрыс та, талас та болмас еді. Күн ылғи күлімдеп, адамдар­ бір-біріне тек ізет етіп тұрар еді.

Қағазбай тәрізді адамдар көп болса, жетімдік пен жесірлік білінбес еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий