Knigionline.co » Казахские книги » Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев

Книга «Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мен Елемеспен жетінші бітіргенше бірге оқыдым. Осы уақыттың ішінде сабазың картаның шығысы мен батысын айыра алмай-ақ кетті.

Үйіміз есіктес болғандықтан Елемес екеуміз мектепке бірге барамыз, бірге ойнаймыз. О, Елемес өнерсіз де жан емес. Ләңгі тебуден ол осы көшенің чемпионы.

Елеместің аяғында қолдан басқан тайпақ қара пима, ләңгі тебуге сондай қолайлы. Шапанның екі етегін белбеуге қыстырып алып, малақайдың құлақтарын тікі­рей­тіп түріп алып, мәймеңдеп тебе жөнелгенде, ол таби­ғат өзін тек осы үшін жаратқандай шабыттанып кетеді. Ләңгіні тепкен сайын басын бір шұлғиды, бір, екі деп санап кете береді. Көкшіл лақ терісінен тігілген малақайдың бір құлағы сынық та, екіншісі тіп-тік. Тік құлақ ол шұлғыған сайын селтең, селтең етіп, онымен қоса санасқандай болады.

Оқу десе, қабағы қарс жабылатын Елемес ләңгі ойнағанда тілмен айтып жеткізгісіз рақатқа батып, гүл-гүл жайнайды.

Таңертеңгі мезгіл. Елемес екеуміз мектепке бармақ болып, үйден шығып келеміз. Күн бұлыңғыр, іп-ірі бо­лып, үнсіз жапалақтап қар жауып тұр. Қар түнімен жауған, жол атаулыны көміп қалған. Бірлі-жарым атты адамдардың ізінен басқа маңайда із де, жол да жоқ. Мектепке дейін көп жер.

– Бүгін оқуға бармай-ақ қойсақ қайтеді? – деді Елемес өте бір еңсесі түскен пішінмен.

– Не істейміз?

– Мына тамға кіріп, ләңгі ойнайық.

Ауа райының көңілсіздігі менің де адымымды аштырмай, тұсау болғандай еді. Мақұл деп, келісе кеттім. Дәл қасымызда терезесі үңірейген бос там тұр. Төбесі бар, есігі де бар. Тек терезесі жоқ. Мынадай қар жауып тұрғанда сол үйге кіріп, ләңгі ойнап уақыт өткізуден рақат ештеңе жоқ секілді. Сабаққа бір күн бармасам не қылады? Күнде калып жатқан жоқпын және өзім сабақты жақсы оқимын.

Кірдік там үйге. Жауыннан сая, тып-тыныш. Төбе­сі, қабырғалары әдеміленіп сыланған, көңілді. Едені осындағы барлық үйлер секілді жер. Қабырғаның бірінде үлкен ағаш қазық бар екен. Сырт киімдерімізді шешіп, іліп қойдық. Түске дейін рақаттанып ләңгі ойнап, түсте, балалар мектептен қайтқан кезде, оқудан келген боп, үйді-үйімізге салаң ете қалмақшымыз.

Біз қайда болдық, не бітіріп қайттық, оны олар қайдан біледі?

Елемес жүрген жерде оның қалтасында ләңгі де жүреді, екеуі бірінен бірі ажырамайды. Бисмилла деп, ойынды бастап келіп жібердік.

Ойын ол оқу емес, уақыттың қалай зымырай өткені білінбейді. Мүмкін бір сағат, мүмкін жарты сағат өткен болар. Әйтеуір, еңбек вахтасының нағыз қызған кезі. Елекең өзінің құмар ісіне жан-тәнімен берілген, басқа дүниені түгел ұмытқан. Маңдайдан буы бұрқырап, малақайды бір шекесіне едірейтіп киіп алған. Осы қазір ләңгіні теуіп жатқан да сол еді. Кенет сыртта ат тұяғының дүбірі естілгендей болды. Қожаның ұзындығы есік пен төрдей сары аты болушы еді. Ссның басы апандай терезенің ар жағынан көлденеңдеп көріне берді.

Аттың үстінде Қожа өзі!

Қожа – Тарас Бульба секілді мұртты, денелі адам. Үстінде қалың сеңсең ішік, ол оны одан бетер дәу етіп көрсетеді. Аттың басы көрінісімен-ақ біз бұрыш-бұ­рыш­қа тығылып тұра-тұра қалғанбыз. Сөйтсек, онымыз­ бекер еңбек екен. Қожа біздің ізімізді қуалап, біліп келген.­

– Әй, жүгермектер! Шығыңдар!

Жүгермектер сонда да тыпыр етпейміз. Екеуміз екі бұрышқа көлеңке болып жабысып алғанбыз. Әттең, қолымыздан келмейді-ау! Келсе, сол бойда қабырғаға батып, сіңіп, жоқ болып кетер едік. Қожаның ашуы қа­тал екені Елемеске де, маған да жақсы мәлім.

– Шығасыңдар ма, жоқ па? Әлде быт-шыт қып, сүйреп алып шығайын ба?!

Бұл Қожаның расы. Енді бір минут бөгелсек, ол аттан қарғып түседі де, кіріп келеді. Екеумізді екі қолмен лақтай бақыртып сүйреп алып шығады да, білгенін істейді.

Шапанын тез киінді де, бірінші боп есікке қарай Елемес жөнелді. Оның соңында мен.

– Оқу қайда, сұмпайылар?!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий