Knigionline.co » Казахские книги » Робинзон Крузо

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо

Книга «Робинзон Крузо» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сәт санап, тура көз алдымда өткелі тұрған қанды көріністен көз алмай қарадым да тұрдым. Құрбан болар адамның біреуінің басының үстінен қанжар ма, әлде шапашот па, бір нәрсенің жарқ ете түскенін көзім шалды. Барлық тамырларымдағы қаным суып кетті: бейшара қазір өлі күйде сылқ ете қалады деп ойладым. Осы сәтте жанымда испандық пен Жұманың әкесінің болмағанына қатты өкіндім. Қарақшылардың бірде-бірінің қолында қаруы жоқ екенін байқадым. Оларға жасырынып барып қақ маңдайдан бір-ақ атса қандай қатып кетер еді. Бірақ көп ұзамай менің ойым басқа бағытқа ауды. Үш тұтқынға ойына келгендерін істеген оңбағандар, аралды айнала жүгіріп кетті, төңіректі байқағылары келсе керек. Ал үш тұтқынға қалай қарай қашса да еркіндік тиген сияқты. Бірақ ол үшеуі тұнжырап, қажып қара жерде отыра берді.

Бұлардың бұл отырысы өзімнің аралға келгендегі алғашқы сәтімді еске салды. Мен де дәл осылай төңірегіме алақтап қараумен болып едім. Өзіме ажал жетті деп есептегенмін. Алғашқы түні басыма қандай ой келмеді десеңізші; аңдар жарып кетпесін деп ағаштың басына өрмелеп шығып, сол жерде түнедім. Апатты жағдайға ұшыраған мен құла түзде қалай тіршілік етер едім; менің алдағы өміріме жарық күн сыйлаған сол түні маған құдайдың қарасқанын білмеп едім. Тығырықтан шығар жол жоқ, үмітсізбіз деп ойлаған бейшаралар да дәл сол сәтте өздерінің жарылқаушысы бар екенін білген жоқ.

Қайық жағаға су көтерілгенде келіп тоқтады, олар үш тұтқынды тергеп, аралды кезіп келгенше су кейін тартылып, қайық шөкті де қалды.

Қайықта екі адам қалды, олар әбден ішіп мас болып ұйқыға кетті. Біреуі оянып, қайықтың шөгіп қалғанын көріп, орнынан қозғағысы келді, бірақ шамасы жетпеді. Ол дауыстап, қалғандарын шақырды. Олар жүгіріп келіп, қайықты сүйреп теңізге түсіруге ұмтылды, бірақ қайраңға шөккен қайық орнынан да қозғалмады.

Сол кезде олар нағыз теңізшілер сияқты, – ал теңізшілер әлемдегі ең жеңіл ойлайтын халық, – қайықты тастап, тағы да аралды кезіп кетті. Кетіп бара жатқан екеудің біреуі қайықта қалғандарға: “Джек! Том, жарайды қойыңдаршы соны, әуре болып қайтесіңдер, су көтерілгенде өзі-ақ су бетіне шығады”, – дегенін естідім. Бұлар ағылшын тілінде сөйледі, менің жерлестерім екеніне енді еш шүбәм жоқ еді.

Күні бойы тау басындағы қарауылтөбе мен қорғанымның екі ортасында жүрдім де қойдым. Судың төмендеуіне әлі он сағаттай уақыт бар, оған дейін қас қараяды. Сол кезде жасырын келіп, теңізшілердің немен айналысып жатқанына көз жеткізуіме, айтқан сөздерін де тыңдауыма мүмкіндік болады. Мен ұрысқа өте мұқият дайындала бастадым, өйткені белдесер жауым жабайылардан да қауіпті екенін мен жақсы білдім. Енді айтулы мергенге айналған Жұмаға да қарулан деп бұйырдым. Мен оған үш мушкет беріп, өзім мылтық асындым. Жалбыраған ешкі терісінен тігілген күртеммен және осы теріден тігілген бас киіміммен, белімде жалаң қылыш, арқамда екі қаруым бар мен шын мәнінде айбынды көрінуші едім.

Жоғарымда айтқанымдай, қас қарайғанша еш әрекетке бармаймын деп шешкен едім. Күндізгі екінің кезінде, күн қатты ысып, ми қайнатар ыстыққа айналғанда, теңізшілер орман арасына тарап кеткенін байқадым, олар тіпті ұйқыға бас қойған шығар деп те ойладым. Ал үш сормаңдай тұтқындардың жайына келсек, оларға ұйқының ауылы тым алыс еді. Үшеуі де менен ширек мильден алыс емес жерде, және меніңше, басқалардың көзіне түспейтін таса жерде, бір үлкен ағаштың көлеңкесінде отырды.

Мен оларға жақын келіп, мән-жайды білгім келді. Үстімде жоғарыда баяндаған киімім, қасымда біраз қашықтықта Жұма, үш тұтқынның жанына жетіп келдік. Менің қызметшім де тура мен сияқты бақайшағына дейін қаруланған болатын, бірақ ана дүниеден келген адамға азырақ ұқсаушы еді.

Мен үш тұтқынның қасына өте жақын келіп, олар мені аңғарып үлгергенше: “Сендер кімсіңдер, мырзалар?” – деп испан тілінде дауысымды көтере сұрадым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий