Knigionline.co » Казахские книги » Робинзон Крузо

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо

Книга «Робинзон Крузо» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги

Маусымның 27-сі. Қатты безгек тағы қысты, төсекте қозғалмай күні бойы жаттым. Шөл қысып өліп кете жаздадым, бірақ суға баруға шамам келмеді. Құдайға жалбарынып тағы дұға оқыдым, бірақ ойым шашырап, аузыма бір дұға түспеді, бар болғаны “Е, құдай, сақтай гөр, е, жаратқан сақтай гөр” дей бердім. Қызуым басылғанша екі-үш сағат бойы жаным көзіме көрінді. Ауруыммен арпалысып жатып ұйықтап кетіппін, қозғалмастан түн ортасына дейін тәтті ұйқы құшағында болдым. Оянсам, бойым сергіп жеңілдеп қалыппын, бірақ әлсіздіктен буын-буыным дірілдейді. Тұрып су ішейін деп ем, үйде я үңгірде бір ұрттам су жоқ, амалсыз таңның атуын күтуге тура келді. Таң атып келе жатқанда ұйқыға кетіп, бір жайсыз түс көрдім.

Түсімде былай болды: жер сілкінген күнгі қорғанның сыртында отыр екенмін. Бір кезде аспанды қара бұлт қаптап, ішінен тұла бойы жалын, алпамсадай бір адам салбырап түсіп келе жатыр. Отқа оранған адамның қызуы көзіңді қарықтырады. Әлгі адамның түрі кісі шошырлық, тіпті ауызбен суреттеп беру мүмкін емес.

Табаны жерге тие салысымен салмағынан жер қозғалды, ең қорқыныштысы, бар маңай найзағай жарқылындай жап-жарық болып кетті. Табаны жерді басқан бойда тура маған қарай жүрді, қолына ұзын найза ұстаған, мені өлтірмек ниетте сияқты. Маған жақын келді де, бір төмпешікке көтерілді, бір нәрселер айтып күмілжиді, бірақ сөздері түсініксіз. Тек соңғы бір-екі сөзі болмаса, жарытып ештеңе түсіне алмадым: “Сынағына қанша салса да, сен жаратқанға мойынсұнбадың, енді азабыңды тарт солай”, – деді де, маған қарай найзасын кезеді.

Әрине, көрген жайсыз түсім ұйықтап жатсам да маған қатты әсер еткенін, дәл сол кездегі көңіл күйімді қазір жеткізе алмаймын, бірақ халімді осы жолдарды оқып отырған адам түсінетін шығар деп ойлаймын. Оянғаннан кейін түс екенін білсем де, өзіме өзім келе алмай ұзақ жүрдім.

Алайда менің жан дүниемнің құдаймен ісі болған жоқ. Өзім сияқты дінсіздермен сегіз жыл бойы теңіз кезіп тентіреп жүрген соң, дін туралы әкемнің де уағыздары аяқасты болды. Осы жылдарда құдайды есіме алған кезім немесе өз-өзіме есеп берген бір күнім болды ма екен, есіме түсіре алмадым. Мен зұлымдық, жақсылық деген ұғымдардың да ара жігін ажырата алмай қалдым. Ұшқалақ, намыссыз, топас теңізшілерден еш айырмам болмай қалды. Құдайдың қиын сәттерде жарылқағаны үшін ризашылық білдіруді де ойыма алмаған екенмін.

Аралға табаным тиген күні кемедегі жолдастарымның бәрі суға кетіп, жалғыз өзім аман қалғанымды түсінгенімде қуанғанымнан бұл бір құдайдың жарылқағаны деп жан-тәніммен жаратқанға ризашылық білдіргенім рас. Ажалынан құтылған жай тіршілік иесі ретінде айтсам, аман қалғанымды сезген бойда қатты қуандым. Неге екенін білмеймін, өзгелердің бәрі ажал құшқанда менің өміріме араша болып, мені ғана тірі қалдырған құдайдың шексіз мейірімі туралы ойға да алмай жүре беріппін.

Мұның артынан тағдыр айдап адамдар арасынан көз жазғанымды, алдағы күндерден ешбір үміттің жоқтығын, жалғыз екендігімді, адам баласынан қол үзгенімді, арқа сүйер ешкімнің болмайтынын білсем де түңілмедім. Аштан өлмесіме сеніп, тіршілігімді құра алатыныма көзім жеткен соң, қалың қайғы, қара ойлар аулақ көшті, жаным жай тауып, жүрегім орнына түсіп, көңілім тұрақтады, айтылғандардың бәріне көзім жетіп, көңілім сенгеннен кейін тіршілік ету қамына кірістім және басыма түскеннің бәрін құдайдың қарғысынан болды-ау деп ойлағаным да жоқ. Бұлай өте сирек ойлаушы едім.

Мен күнделігімде жазғанымдай, дәннің аяқасты пайда болуы құдайдың құдіретімен болған іс екен деп ойлағаннан кейін дінге ықыластанғаным рас, ойым жалған болып шыққан соң, алған бетімнен қайттым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий