Knigionline.co » Казахские книги » Робинзон Крузо

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо

Книга «Робинзон Крузо» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги

Шілденің 15-і күні зерттеу жұмыстарын бастадым. Бірден түнеугүні салыма мініп аялдаған кішкене шығанаққа қарай бет алдым. Сол жерден ағысты қуалап екі миль жоғары жүрген соң, теңіз ағынының сол арадан әрі қарай бармайтынын білдім. Барған жерімдегі бұлақтың суы тап-таза, мөлдір. Қуаңшылықтан бұлақтың кей жерлері тартылып, кебуге жақын қалған, баяу ағады. Екі жағасында көзге әдемі көрінген шабындық, теп-тегіс, шөбі қалың, жап-жасыл, арғы жағы шамалы жер ойпаттау да, бірте-бірте биіктеңкіреп кетеді, сондықтан бұлақ ағысы ол жерге дейін жетпейді, жуан-жуан темекі сабақтары, мұнан басқа да бұрын-соңды мен көрмеген түрлі өсімдіктер самсап тұр, егер бұл өсімдіктердің қасиетін білсем, бәлкім, пайдама жаратуға болар еді.

Мен кассавы дейтін өсімдікті іздедім, үндістер оның тамырынан ұн жасаушы еді, бірақ таба алмадым.

Алоэ, қант құрағы секілді үлкен өсімдіктерді көрдім, бірақ алоэны пайдаға қалай жаратарын білмедім. Ал құрақ болса, ол мүлде жабайы, сондықтан оның қасиеті де жоқ. Алғашқы серуенімнен осыншама нәрсе тапқаныма қуанып үйге қайттым. Жолшыбай табылған өсімдіктердің қасиетін танып, сапасын қалай ажыратамын деп ойладым. Бірақ жауабын таба алмадым. Бразилияда жүргенімде де ол жерлердегі өсімдік атаулыға көңіл бөліп көрмеген екенмін. Шілденің 16-сы, сол кешегі жолыммен тағы жүрдім, бұлақ пен шабындықтың аяқталар тұсынан ілгерірек, жапырақтар төгілген тұсқа қарай бардым. Аралдың бұл бөлігінен әр түрлі жеміс-жидектерді көрдім (қауын, жүзім, тағы басқалар). Жүзімдер ағаштың сәнін кіргізіп мәуелеп тұр. Әдемі көрініске таң-тамаша қалып біраз тұрдым, қатты қуандым, бірақ жүзімді абайлап жеуге тура келді, өйткені Бразилияда жүргенімде, тұтқында жүрген бірнеше ағылшындардың жүзімді көп жеп, іш ауруы мен безгектен көз жұмғандарын көргенім бар еді. Жүзімді қалай жеудің әдісін ойлап таптым, әуелі күннің көзіне іліп кептіріп, мейіз жасағым келді, себебі жүзім әбден піскен кезде кептіріп алғаным қолайлы екен деп ойладым.

Сол күні лашығыма оралмадым, аралға келгелі далада алғаш рет түнеуім. Бұл да кеме апатқа ұшырап, аралға алғаш табаным тиген күні ағаш басына түнеп, келесі күні іске қызу кіріскенім секілді болды. Алқапты бойлай мен солтүстікке қарай тағы да төрт мильдей жүрдім.

Бұл жолдың аяқталар тұсы ашық алаңқай, батысқа қарай ойысқан. Жоғарыдан құлаған бұлақтар күншығысқа қарай ағып жатыр. Айналасы майса, жап-жасыл кілемнің түгіндей. Бейне адам баласы қолымен отырғызған бақша секілді, масатыдай түрленіп, мың құбылады.

Таңғажайып алқаптың ішіне ендім, құлазып жүріп, көңілім жарты болса да мұны көргенімде көкірегім қуанышқа толды, бұл байлықтың патшасы мен қожасы өзім ғанамын, менен басқа ешкім иелік ете алмайды деп ойладым. Егер осы дүниенің бәрін адам тіршілік етер жерге көшіріп апарса, ағылшын лордтарының басыбайлы мүлкі сияқты, сөзсіз, менің иелігімдегі ешкім қол сұға алмас дүние болар еді. Байқап қарасам, өмір-бақи жапырағы солмай бір қалыпта тұратын, адамға өте пайдалы ағаштар көп екен, мысалы, пальма, апельсин, лимон ағаштары, бірақ бәрі де жабайы, ішінара болмаса көбісінің жемісі жоқ. Пісіп жетпеген болса да лимонды үзіп аузыма салдым, дәмін алу үшін ғана емес, ішкі ағзам үшін пайдалы деп ойладым. Лимонның сөлін сығып суға араластырып ішіп ем, денем мұздап, тынысым ашылды. Жемістерді жинап, оны үйге тасып жеткізу маған біраз жұмыс болғалы тұр, дегенмен күзгі жаңбырға дейін жүзім мен лимонды жинап алуым керек. Жүзімдерді үзіп алдым да, әр жерге төбе-төбе етіп үйдім; лимонды да өз алдына бөлек жинадым. Әлімнің жеткенінше алып, арқалап үйге қайттым, қалғандарын қапшыққа салып әкетпекші болдым.

Сонымен, үш күн жүріп үйге оралдым (енді үңгірім мен шатырымды үй деп атаймын), үйге жеткенше жүзімдерім бүлініп, пісіп тұрған жас жүзім өз салмағымен езіліп, сөлі ағып, жеуге де жарамай қалды. Лимондарды бүтіндей алып келдім, өйткені жинағаным да көп емес еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий