Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Екі жақ Ташкент шаһарының күнбатыс тұсында кездесті. Абдолла хан алпыстан асқанына қарамай ақ боз атын ойнақтатып, қан майданға өзі шықты. Бұл айқаста Әбді-Мумин қатысқан жоқ. Ол өзінің әскерін Балқы шетінде ұстап қалды. Қазақ қолынан екі есе кем Абдолла лашкарлары барынша ерлік көрсетті. Бұл кездегі олардың ең сенімді қарулары Ташкент шаһарларының ең биік қамалының үстіне орнатқан «Қара бура» зеңбірегі, бықыған қазақ қолына ажал тасын жаудыра бастады. Қазақ әскері шыдай алмай кейін шегінді. Дәл осы мезгілде Ташкент шаһарындағы бұрынғы Бабасұлтан жағындағы көп тұрғындар қаланың түкпіріндегі темір қақпаны ашты. Осы қақпадан кірген Қияқ пен Тұяқтың екі мың әскері шаһар ішіндегі Абдолла қолын күл-талқан етіп, ескі қамал үстіндегі катар тұрған төрт «Қара бура» зеңбірегін қиратты. Кейін шегінуге айналған Тәуекел хан әскері қайтадан шабуылға шықты. Есім мен Құджек сұлтанның екі бүйірін ала, қиялап шапқан жауынгерлерінен қоршауға түсіп қалады екенбіз деп сескенген Абдолла әскеріне кейін шегінуге бұйырды. Сол-ақ екен, «жау қашты» деп сойыл, шоқпар ұстаған қалың қазақ лап қойды. Бұдан бұрын бетіне жан қаратпаған, қорасан құрышына бөленген Бұхардың атақты лашкарлары, бүкіл Орта Азияға әйгілі Ұбайдолла, Асфандияр, Әбді-Латиф, Ходжа-Кули-құшбегі, Құдайберді жасауыл, Құлбаба-күкілташ секілді әскер қолбасшыларынан айрылып, тым-тырақай шегіне бастады.

Әлі де болса лашкарларын тоқтатам деп әуре болып, жасақтарының орта шенінде жүрген Абдолла ханға кенет әлдекім сауыт бұзар жебесін жіберді.

Аралары садақ оғы жетердей жерде емес, алыс еді. Сөйтсе де ысқыра ұшқан жебе «жеттім бе саған да» дегендей, екі қабат тор сауыттан өтіп Абдолла ханның қақ бүйірінен кеп қадалды. Ат үстінен құлап бара жатқан ханды күзетші жігіттері қағып алып, жау қолына түсірмей әкетті. Енді Абдолла әскерінің әлі де болса жауына төтеп беріп жүрген топтары қарсыласуын қойып, аттарының басын Бұхарға қарай бұрды.

— Маған оқ атқан сол жігіт. Тек соның ғана оғы менің сауытымды бұзып өте алады, — деді қансырап жатқан Абдолла.

Иә, дәл Абдоллаға арнап көк құрыш сауыт бұзар оғын Сайрам айқасынан бері сақтап келген Қияқ батыр еді. Бұ да ұзақ күткен арманына жетті.

Қазақ әскерлері осы қарқынымен, тасыған өзендей, жолдарында кездескен бөгеттердің быт-шытын шығарып, Ақсақ Темірдің ордасы Самарқантты алды. Бұдан екі жүз жыл бұрын бүкіл әлемді тітіреткен Ақсақ Темір көреген Алтын Орда астанасы Сарайға қандай айбармен кірген болса, енді сол Алтын Орда хандарының ұрпағы Тәуекел хан, сары алтынмен қақтаған ер-тұрманды сүліктей қара арғымағын ойнатып, сондай айбармен Самарқантқа кірді. Қожа Ахмет Яссауи, Қожа Нахшбанди мешіттерін салдырған әлем әміршісі Ақсақ Темір гүлдей жайнаған Сарай шаһарын, бір кезде Батый мен Берке тұрған Гүлстан сарайларын жермен-жексен етіп қиратса, көшпелі елдердің әскерін басқарған Тәуекел хан Самарқант шаһарының бірде-бір кірпіші бүлінбесін деп жарлық берді. Бұнысы Тәуекелдің болашақ ұрпақтың қарғысынан қорыққаны емес-ті. Бұхар хандығына қарсы шықса да, қазақ елі Самарқант, Бұхара, Хиуа, Хорезм шаһарларын пір тұтатын. Оның салтанатты сарайларын көргенде, көріктеріне таң қалып, жас баладай қуанатын. Тәуекел хан соңынан ерген осы халықтың рухани сезіміне қарсы шығып, оны өзіне өшіктіргісі келмеді. Сол себептен Самарқанттың алтын күмбезді сарайлары аман қалды.

Әлемді тітіренткен Ақсақ Темір әмірші зираты «Гөр әмірдің» қасында, өзімен бірге алып жүрген сырлы хан тағында қазақ даласының әміршісі Тәуекел отыр. Күншығыс жағындағы Ұлықбек мұнарасының үстінде жылқы құйрығының қос уыс қылы байланған Ақ Орданың ақ туы желбірейді. Хан жанына Есім, Құджек, тағы солар секілді сұлтан, би, батыр, ақсақалдар бірінен соң бірі келіп, тәжім етіп жатты. Хан көзі әлдекімдерді іздеп, ақыры қалың топ мырзалардан шеттеу тұрған Қияқ пен Тұяқты тауып алды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий