Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жауды жеңуге тетік болған, міне мынау қос бөрі, — деп Тәуекел Қияқ пен Тұяқты көрсетті. — Жауға бұлар аш бүркіттей шүйілді, көкжал қасқырдай шапты! Бұхар маралының төсін қанжардай тырнағымен жыртқан қанды көз барыстай, жау шебін күл-талқан етті!

Хан ишаратымен бұл екеуіне уәзірлері олжаға түскен қазынадан Бұхардың екі асыл қанжарын әкеп берді. Саптары сом алтыннан, бетіне ең қымбат гayhаp тастар орнатқан. Үстеріне жағасы бұлғын, алтын зерлі Бұхар шапандарын жапты. Алдарына бақтри тұқымдас екі ақ боз арғымақ тартты.

— Ақ Орда — сендерден бұдан да зор ерлік күтеді! — деді Тәуекел. — Қандай тілектерің бар, айтыңдар? Бәрін де беремін!

Сөзге жақындау Қияқ батыр сәл алға шығып тізесін бүкті.

— Біздің қарамағымыздағы екі мың жігіттің көпшілігі малшы-егінші... Іштерінде темір ұстасы, ағаш шеберлері де бар. Соларға елге қайтып, өз шаруаларына кірісуге рұқсат етіңіз, тақсыр хан.

Қарадан туса да Қияқ батырдың даусы тегеурінді шықты, құлаққа ұрған танадай тына қалған тыныштықта, жұрт ызалана қалған хан тісінің шықыр ете түскенін ап-анық естіді.

Бұхар ханы Абдолла бүл күндері оқ тиіп жараланған жолбарысқа ұқсайтын еді. Хан Бұхар, Хиуа, Балқы, Қорасан түгіл, өзіне бағынышты жердің бәрінен әскер жинауды бұйырған. Бір ай өтпей сан жетпес қалың әскер Самарқант пен Бұхардың ортасындағы Зеравшан жағасына шатырларын тікті. Бір күні, жарасы әлі жазылмаған Абдоллаға бүлік шығарып жүрген баласы Әбді-Мумин келді. Шатырға кіре тізе бүгіп отыра қалды.

— Сенің жүрегіңе жара салған менің бір білместігімді кешір, әке, — деді. — Бүгіннен бастап ең адал ұлың боламын. Міне нан, міне құран, бұдан былай қарай сенің айтқаныңды екі етпеймін!

Абдолла хан шын қартайған болуы керек, көзіне жас алды.

— Қартайғанымда жалғызымды көрсетіп, қатесін кешіруге мүмкіндік бердің, алла тағала, мұныңа да шүкіршілік, — деді ол шын жүректен. — Мұрагер жалғызым қасымда, бар тілегім орындалды, қазір өліп кетсем де арманым жоқ!

Бұхар секілді қасиетті хандықты басқаруда қандай жолдар, қандай сырлар барын кәрі хан ұлына ұзақ жыр етті. Құпия сырлар да аз емес екен. Содан кейін барып шаршап кеткен хан ұлынан анандай жерде тұрған құмырадағы жүзім шырынын құйып беруді сұрады. Ұлы әкесінің өтінішін орындады. Сәл бұрыла тұрып, жүзім шырынын кесеге құйып әкеп берді. Алла тағала оның жаңа ғана «қазір өліп кетсем арманым жоқ» деген тілегін орындағысы келген болуы керек, баласы берген шырынды ішісімен, Абдолла хан қырылдай беріп жастыққа шалқасынан түсті. Әбді-Мумин әкесінің бетіне тесіле қарап, ұзын, жіңішке саусақтарымен көзін жапты. Содан кейін кесенің түбінде қалған шырынды шатырдың бір бұрышына құйып, орнына апарып қойды. Далаға шыққан соң «ұйықтап кеткен ханды оятпаңдар» деп бұйрық берді де, әскеріне қарай аяңдады.

Тек кеш таянғанда ғана күзет бастығы хан шатырына кірді. Жастық үстінде шалқасынан жатқан Абдолланың бетіне көзі түсіп кетісімен өн-бойы дір ете қалды. Бүкіл әлемге аян сәл езу тартып күлімсірейтін ишараты езуінде. Тағы да біреуге өлім жазасын айтып жатқандай.

О дүниеге сапар шеккен әкесінің жанына Әбді-Мумин бірінші боп келді. Сақалынан жасы сорғалап отырып, ұзын саусақтарымен әкесінің езуіндегі күлкісін уқалап кетірді. Әмірдің неден өлгенін білуге шақырған Бұхардың ғалым дәрігерлері «Патшаның патшасы Абдолла жүрегінің кенет тоқтауынан қайтыс болған» деген қорытынды шығарды. Сөйткенмен, қалың бұқара арасында «баласының ауру әкесіне берген жүзім шырыны» жайындағы қауесет сөздер де тарап жатты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий