Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осындай мыңдаған белгісіз батырлардың арқасында қазақ елі сан жанталаста жеңіп шығып, ғасырлар бойы өзін аман сақтап келді...

Қазақ жерінен Тұяқ батыр мен Кіші жүзден шыққан Жолымбет батыр басқарып келген қалың қол жетісімен, Бұхар әскері сәл кейін шегінді. Енді ұрыс бұрынғысынан да қыза түсті. Есім сұлтан қаланың күнгей жағына, Құджек сұлтан — теріскей тұсына шапты. Құбыла жағындағы Қаңлы, Шанышқылы секілді рулардың әскерін Тұрсынмұхаммед әмір басқарды. Бекіністің ең қауіпті жағы күншығысы еді. Бұл тұсты Жолымбет батыр қорғады. Шабарман енді бұл батырдың да жараланған хабарын әкелді. Осы себептен қаланың күншығысына Тұяқ батырға шабуға тура келді. Хан ордасы күншығыс жақтағы майданда болатын. Кімде-кім осы майданды басқарса, сол жалпы әскердің қолбасшысы саналуға тиісті еді.

Қазақтың іргелі руларынан шыққан батырлар мен Шыңғыс ұрпағынан тараған сұлтандар Тәуекел ханның Қияқ пен Тұяқты мың басы еткеніне іштей наразы еді. Әрине, дәл қазір бұлар Тұяқтың айтқанына бағына қоймаулары да мүмкін. Бұны түсінген Ақторғын, ерінің сауытын кие бастады.

Атына қонғалы жатқан Тұяқ үйден бір жас батырдың жүгіре шығып, Тәуекелдің Теңбілкөгіне асыға мінгеніне таң қалды.

— Тұяқ батыр, мен де сізбен бірге барамын, — деді әлгі жас батыр.

«Бұл кім? Қайдан пайда болды бұл батыр?» Жөн сұрасар уақыт емес, қатарласа шаба жөнелді. Сонда ғана Тұяқ жанында келе жатқан — Тәуекел ханның кіші бәйбішесі Ақторғын екенін білді. Тұяқ оған: «Қайт кейін!» дей алмады. Қазақтың батыр қыздарының жауға қарсы шабуы жаңалық емес. Ақторғынның жанында болуы, хан атынан Тұяққа «қазір сен әскер қолбасшысысың» дегенді ескерткендей еді.

Бұлар күншығыс қақпаға жеткенде, ең алдымен көргендері: қамалды қоршап не істерін білмей үрпиісе қалған қазақтың қалың әскері мен осы қамалға ар жағынан тұтасқан қара бұлттай, жұбын жазбай төніп келе жатқан жау лашкарлары болды. Тәуекел ханның қаза тапқаны екі жаққа бірдей жеткен екен. Айбарлы қолбасшысынан айрылған қазақ әскері қандай абыржыса, жау жағы сондай қатулана түскен. Күншығыс тұсты қазір басқара қоятын батыры жоқ екенін сезген Жармұхаммед пен Бақимұхаммед сұлтандар әскерлерінің көпшілігін де, білектісін де осы өңірге төккен.

Міне, олар қара бұлттай қаптап келе жатыр... Жаңадан күш қосылғанына қарамай қазақ жауынгерлерінің құты қашқан. Әр жердей «Сап түзеңдер!», «Қашушы болмаңдар!» деп айқайлаған мың басыларының жарлығын ешкім тыңдар емес, соғыс кезінде хан өлуі жаман ырым! Мүмкін содан да бол ар, кешегі айбынды қазақ жігіттері, қазір қасқыр шапқалы тұрған қойдай үрпиісе қалған.

Қорған мен жау арасы бір шақырымдай. Жау қазір лап қояды. Сонда бәрі де бітеді. Қашқанға қатын да батыр, қазақ әскерін мынау келе жатқан алып күш көше-көшені қуалай жүріп қырып салады. Қала ішіндегі ұрысқа үйренбеген қазақ жігіттері ең болмаса өз бастарын да арашалай алмайды. Жаумен не болса да жазық далада кездесу керек.

Кенет қорған қақпасынан жауға қарай бір салт атты шаба жөнелді. Астында Тәуекелдің Теңбілкөгі, үстінде Тәуекелдің сауыты, басында дулығасы... Абыржыған қол заматта тына қалды. «Бұл кім? Бүгін ғана өздері қара жерге қойған Тәуекел тіріліп келгені ме? Япырмау, ханмен қатарласа шауып бара жатқан Қияқ батырдың өзі ме? Оны да бүгін ханмен бірге жерлеген жоқ па едік?»

Сөйткенше болған жоқ, бұлардың құлағына Ақторғын мен Тұяқ батырдың:

— Аруақ! Аруақ — деп айқай салған ұраны естілді.

Сол-ақ екен, жаңа ғана үрпиісіп тұрған қазақ жігіттері, аттарына қамшыны басып-басып жіберіп, алға қарай қалай лап қойғандарын өздері де білмей қалды.

— Ақжол! Ақжол!

— Үйсін! Дулат! Шақабай!

— Қарақожа! Қабанбай!

— Бекет! Қаңлы! Бөрібай!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий