Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осындай бірін-бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. Сол жылғы жаз, Мауреннахр жерінде өте ыстық болды. Төбеден күйдірген күн мен күнгей жақтан аңырап соққан аңызақ желден, онсыз да шөбі шамалы Бұхардың жері күйген құйқадай тақырға айналды. Күннің ыстығынан қара жердің өзі шатынап жарыла бастады. Тебінге үйренген қазақы жылқы қабырғалары ырсиып, әзер жүретін халге жетті. Ақырғы екі жүз жылдың ішінде жат жерде соғысып, басқа елдің қамалын алып үйренбеген, қазақ, қырғыз, ұйғыр сыпайлары, бұл соғыстың өздеріне тіпті керек емес екенін енді түсініп, күңкілдей бастады. Оның үстіне күннің ыстықтығынан әскер арасында іш ауру пайда болды. Енді қазақ сыпайлары Бұхарды алудан гөрі, өздерінің елі қалған теріскей жаққа телміре қарауды шығарды. Баяғы Қияқ айтқан күйге жетті. Тәуекел хан Бұхар маңындағы елді үнемі талап, осыншама әскерді қоректендірудің қисыны болмайтынын ұғып, амал жоқ кейін шегінуге бұйрық берді. Қазақ әскері Самарқантқа келіп бекінді. Бұл кезде Хиуадан қалың әскермен Жармұхаммед ханның інісі Бақимұхаммед сұлтан келіп, Бұхар әскеріне қосылды. Енді екі жақтың күші теңдесіп қалды. Бірде бұхарлықтар, бірде түркістандықтар жеңіп, Самарқант түбіндегі айқас бір айға созылды. Осындай бір түнгі ұрыста Тәуекел хан қатты жараланды. Күні күйіп тұрған Мауреннахр жерінде жаз бойы соғысып әбден жүдеген қазақ әскері амалсыз Самарқантты тастап, Ташкентке келіп бекінді. Бұл арада да ұрыс саябырлаған жоқ.

Тәуекел ханның халі қиындай түсті. Жарының ауыр жаралы екенін естісімен, бір топ нөкерімен Ақторғын ханым да жетті.

Күшті кезінде серік болған одақтастары енді мұны жалғыз тастап кетті. «Жалған дос көлеңке тәрізді, күн ашықта жаныңнан қалмайды, аспанды бұлт торласа қасында болмайды» дегеннің не екенін Тәуекел енді түсінді. Сонда ғана барып ол өзіне ермей қалған қазақ батырларын есіне алды. Дегендеріне көнбегеніне өкінді. Бұл кезде Бұхар әскері Ташкентті тастай етіп қоршап болған. Түркістанға баратын ең соңғы жол да үзілген. Ал Тәуекел ханның жанында ең сенімді достары мен Ақторғын ғана қалды. Ісік уыты бүкіл денесіне жайылып бара жатқан Тәуекел, кенет жастықтан басын көтерді.

— Бұл не шу? — деді ол елегзи.

— Жау әскері біз тұрған бекініске атой салып жатыр.

Бұхардың қалың әскері қаланы алып болып, Тәуекел хан мен оның серіктері бекінген ең ақырғы қорғанды шабуға шыққан-ды. Қорғанның тақа биік емес қабырғаларына баспалдақтар қойып, үстіне көтерілуге тырысып жатқан. Жау кей жерінің қабырғаларын бұза бастаған. Ат үстіндегі ұрысқа үйренген қазақ жауынгерлері енді жаяу соғысуға мәжбүр болды. Бұл оларға жеңіл тимеді. Жеңуге айналған жау әскері хан жатқан сарайға жақындай берді. Сырттағы шу үдей түсті.

— Не болды? Не боп қалды? — деді есі бір кіріп, бір шығып жатқан Тәуекел хан.

Дәл осы сәтте есік сарт етіп шалқасынан ашылды да, үйге еңгезердей бір батыр кіріп келді. Үсті шаң басқан қан-қан.

— Біз сені әкеткелі келдік, — деді кірген кісі.

Сөйдеді де батыр жігіт жерге сылқ етіп құлап кетті.

Орнынан сүйретіле тұрып, Тәуекел жігіттің бетіндегі шынжыр торды ашты. Қияқ батыр екен.

— Сені алып кетуге келдік, — деді ол кезеріп кеткен ернін әзер қимылдатып, — жат жерден тезірек кетуің керек...

— Басқа елге тиме, өз басыңа өзің жетесің деп едің, Қияқ батыр, айтқаның келді, — деді Тәуекел. Сосын ол да Қияқ батырдың үстіне құлап түсті. Дәл осы сәтте Қияқ батыр да ақырғы рет ышқынып, демін бір алды да, о дүниеге жүре берді.

Сөйтіп бір күні, бір мезетте туған екі батыр бір күнде, бір мезетте о дүниеге сапар шекті. Сұлтан тұқымынан шыққан Тәуекел артына алты әйелі мен сегіз баласын қалдырды. Иран, түрік, орыс әдебиеттерінде Тәуекел хан деген айбарлы атын қалдырды. Ал сол ханмен бірге өмір сүрген, құлдан шыққан Қияқ батыр, елі-жері үшін үнемі жорықта жүріп, елуден асқанша бұл дүниенің рахатын көре алмай кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий