Knigionline.co » Казахские книги » Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев

Книга «Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Білмейді, нәшендік, біздікі көрген жоқ.

«Нәшендіктің» бұйрығымен екі солдат үйдің ішін тінтіп қараған болды. Төсектің астынан шыжғыруға дайындап турап қойған бір тегеш ішмай тауып алды. Қазанның қақпағы бұл кезде жабулы. Мынау не деп, ашып қалғанда бір қазан пісіп тұрған етті көрді. Нәшен­дік ожау алып, араластырып қарай бастады:

– Аманбаевтар, осынша бір қазан етті бір-ақ жей­сіңдер ме?

– Иә, нәшендік, бір-ақ жемегенде... Тінтушілер шешемді мазалаған жоқ.

Өрешенің ішіндегі ет, бір тегеш ішмай, қазандағы піскен ет – бәрін әкетті. Бір солдат қазанды сыртқа көтеріп шықты да, сорпасын сар еткізіп төгіп, етті арба қорабындағы шикі еттердің үстіне қотара салды. Қазір жейміз деп жалақтап, сұғымызды қадап отырған бір қазан еттен ауыз тие алмай қалдық.

Тінтушілер ауылдың бар үйін осылайша сүзіп шықты. Күн бұрын бірнеше солдатты сырттан бақылатып қойған. Бір үйден бір үйге қатыстырмайды, ешкімді еш­қайда шығармайды. Көзге көрінген ет болса түгел алса керек. Түнде ғана сойылған былбыраған жас етке екі көк арба лықа толған. Әскердің жуан бақай аттары шіреніп зорға тартып барады.

Боқшабай, Жантақ бастатқан бір топ еркекті арбаның соңынан шұбалтып айдап алған. Іштерінде Ыдырыс, Смағұл да бар.

Шекарашылар бұл жолы мейірбандық жасады. Қамалғандардың бәрін-ақ ертесінде босатып жіберді. Тек әрқайсысынан енді ұрлық жасамауға қолқат алып қалыпты.Жылауық ТұрдыбекШешем босанып, ұл тапты. Сәбидің аты Тұрдыбек деп қойылды. Шешемнің бұған дейінгі бірнеше баласы тұрақтамаған. Мынау енді тұрақты, өмірлі болсын деп, аты әдейі солай қойылған.

Босанған әйелге бесаспап күтім қажет. Ондай күтім жок. Баладан соң шешем бұрынғысынан бетер сансырап, жүдеген үстіне жүдеп кетті. Саудыраған құр ғана сүйегі қалды. Бас көтеріп, қалқиып отыра да алмайды, күндіз-түні төсек тартып жатқанды біледі. Жаялығы сап-сары ала, тырбаң-тырбаң еткен Тұрдыбек қойнында. Ол жыламас үшін шешем салпиған құр шандыр мамасын оның аузына салып қояды. Титімдей аузымен­ Тұрдыбек бүлк-бүлк еткізіп сорғанды біледі. Қабысқан­ құр шандырда сүт бола ма? Сүт шықпағаннан кейін қу бала еңбегі еш кеткендей тыпырлап кеп жылайды. Қағып жұбатқанға жұбанбайды. Шешем мамасын оның аузына зорлап тығады. Тұрдыбек жұбанбайды, тамыры­ жоқ шандырдан басын алып қашып, шыр-шыр етеді. Безілдеп жылаған кезде көздерін тарс жұмып, екі беті көкпеңбек болып кетеді. Безілдемей қайтсін, кішкентай қарны қабысып бос жатады.

Шешем шай қасықпен Тұрдыбектің аузына қайнап­ суыған су тамызады. Тұрдыбек әуелгіде сүт екен деп ойлап, тамсанып жұта бастайды. Сосын сүт емес екенін біледі, шыр-шырға тағы басады. Аузына тамызған суды жұтпай, езуінен шығарып, тағы төгіп тастайды. Жұбанар болмайды. Сендер мені алдайсыңдар дегендей даусы одан бетер ащы шығып, өршелене жылап, өзі ауру шешемнің есін алып бітеді.

Ауру шешем күйзеліп ашуланады. Бауырындағы сәбиді аямай сілкіп-сілкіп қалып, құйрығына шапалақпен тартып та жібереді. Тұрдыбек одан бетер безілдейді. Шешем оны жер-жебіріне жете қарғап жатады.

– Мына жағың қарысқырға сонша не көрінді! Зарлап қал, зарлап қалғыр! Өл! Миымды тесіп, құртатын болдың ғой! Ажалымнан үш күн бұрын өлтіретін болдың ғой! О, құдай! Құлағы керең, көр құдай! Соқыр құдай! Не жазығым бәр еді мұншалық! Алатын болсаң, ит азапқа салмай, неге алмайсың!

Құдайдың керең екені де, соқыр екені де рас болуы­ керек. Шешемнің зарлап айтқан қарғысын ол естімейді, көзінің алты тарам боп ағатын жасын көрмейді. Естісе, көрсе, мүмкін, бір рақымшылық жасар еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий