Knigionline.co » Казахские книги » Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев

Книга «Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

Міне, енді Рамазан екеуміз дүкенге келе жатармыз. Жол-жөнекей кездескен балаларға мұрнымды көкке шүйіріп, бүгін жер бетінде бізден бай адам жоқ екенін айтамын. Қалтадан күміс ақшаларды уыстап алып көр­сеткенде, кім де болса есінен танып қала жаздайды. Соңымыздан ілесіп, бірге жүреді.

Ақшаның төл иесі менмін ғой. Олар маған қызғанышпен қарайды. Дәл қазір дүниеге мен болып келмегенге өкінеді.

Дүкенге кеп кіргенде, менің соңымда шұбырған бес-алты атқосшыларым бар.

Бір қазақ түйе сатып, базар базарлағанда, он шақты­ қазақ тырп-тырп етіп, әлгінің қоржын-кешегін арқалап, артында босқа жүретін. Құлды сол тәріздімін, түйе сатқан мықтының өзімін.

– Не алсам екен? – деп дүкен сөрелеріне тәштиіп көз тастаймын.

Қалтамда жиырма бес сом емес, қазына тұнып ­жатқандай.

Атқосшы балаларда кінә жок. Ананы ал, ананы ал деп, бірімен-бірі жарысып ақыл береді.

Бір-екі оқулық, дәптер, блокнот, сызғыш секілді өзіме аса қажет заттар сатып алдым. Тағы не алсам екен?

– Анау барабанды сатып ал! – дейді кеңесшімнің бірі.

– Бәкі ал!

– Белбеу ал!

– Анау айнаны ал. Қалтаңа салып, бетіңді көріп жүресің.

– Бетмай ал. Бәрі де қажет нәрселер. Ақшам жетсе бәрін алар едім, ештеңе қалдырмас едім.

Бір кило қант сатып алдым. Бір-бір кесегін өзіміз жеп, басқасын үйге апармақпыз. Осындай байып тұрған кез­де атам мен апамды да қуантпасам, адамшылық бола ма?

Кішкентай дөңгелек айна сатып алдым. Пластмассадан жасалған жиекшесі бар. Сықпа вазелин алдым. Кеңесшілерімнің тілімен айтқанда, бетмай. Аяқ-қолым тілік-тілік боп, азап көріп жүрмін. Кешке, бәлем, сылап жағып тастамақпын.

Есептеп көрсем, ақшам тағы да қалып барады. Енді не алсам екен?

– Белбеу ал! Беліңе тағып жүресің.

Ұшында күлтеленген сәнді шашағы бар, ақ жібек белбеу менің көптен қызығып жүрген нәрсем. Әрі осы күні сән. Сылқым бозбалалар ақ көйлектің сыртынан шашағын салбыратып, буынып алады.

Қалған ақшама белбеу сатып алдым.

Атқосшыларымды шұбыртып, дүкеннен шығып келе жатырмын. Менен бай, менен бақытты адам жоқ.

Көшенің қақ ортасында тұрмын. Атқосшыларым қасымда. Сатып алған нәрселерімнің әрқайсысын олар бір ұстап көріседі.

Мен үшін ең қымбат мүлік – шашақты ақ жібек бел­беу. Соны қоңыр бешпенттің сыртынан беліме буынып көріп жатырмын. Сылқым бозбалалардың әдеті­мен шашақтарын ұзынды-қысқалы етіп, жамбасыма салбыратып түсіріп:

– Қалай, жараса ма? – деймін.

– Қатып кетті! – дейді кеңесшілерімнің біреуісі.

– Бұны бүйтіп бешпенттің сыртынан буына ма екен? Жейденің сыртынан буынады, – дейді екіншісі.

Тәуір, бүтін жейдем жоқ болса, қайтушы едім? Қа­шан тәуір жейде біткенге дейін буынбай, сақтап қоюым керек пе?

– Бешпент түгіл, шапанның сыртынан буынса да бола береді. Білсең, бұл қайыс белбеуден он есе мықты – деймін. Бұл әншейін, өзімдікі дұрыс деп, бер жағымнан айтып жатқаным. Ал ар жағым басқаны арман ет еді. Әуелі, басымды тақырайтпай, шаш қойсам. Шашымды бір шекеме қарай жылтырата тарап, қайырсам, Шалбарымның қыры пышақтай болса. Аяғымда жып-жылтыр қара туфли, үстімде аппақ қардай ақ жейде. Міне, осыдан кейін шашақты жібек белбеуді буынып көшеге ал қане, маған қараңдар деп, шыға келсем!

Ех, шіркін!

Бірі табылса, бірі жоқ. Міне, белбеулі болдым. Бел­беуіме сән беретін басқа киімнен менде түк жоқ.

Кедей байыса, жомарт келеді. Бүгін мен жомартпын.­ Атқосшыларымды да бір-бір қуантып тастауды борыш санадым. Сықпа вазелиннен әрқайсысының алақанына­ күзгі торғайдың саңғығанындай етіп, шоқитып-шоқитып салып бердім. Беті-қолдары жарылып, су тисе ашып, азап көріп жүрген бейшаралар мәз болысып жатыр. Олжаға батып, қуанысып жатыр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий