Knigionline.co » Казахские книги » Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев

Книга «Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Для того, чтобы столкнуться с масштабной темой, пронизанной реалистичной и картиной, и детской наивностью, необходимо прочитать произведение казахского писателя-классика Б. Сокпакбаева. Таким произведением является повесть «Путешествие в детство».

Путешествие в детство / Балалық шаққа саяхат - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кешқұрым келген Бәзілге менің көзқарасым бөлек. Бірақ оны ол байқамаған болады. Жеңгеме залалсыз қалжың айтқан болып, ара-тұра колхоз жұмысын да сөз етіп қойып, асықпай отыра береді. Қолдан туралған­ көк темекіні таяқтай етіп шылым орап тартады. Жел­дет­кіші жоқ, үйдің іші ащы көк түтінге толып кетеді.

Жеңгем маған қамқорсығандық білдіріп:

– Ұйқың келсе, жатып, ұйықтай ғой, – дейді.

Бәзіл кетпей, ішімді – сақардай қайнатқан қызыл көз пәле кетпей, менің ұйқым келетін бе еді!

Ақыры Бәзіл кетпек болады, орнынан тұрады.

– Әй, келіншек. «Қуыс үйден құр шықпа» деген. Тіпті ырымға жаман ғой, тым болмаса, бір шыны суың бар ма?

Жеңгем ауыз үйден Бәзілге су әкеліп береді. Бәзіл жарымын ішеді де, жарымын Күлімбаланың бетіне шашып жіберіп, тұра қашады. Жеңгем «қу шешек, сені ме!» дейді де тұра кеп қуады. Ауыз үйдің, төр үйдің есік­тері аңқиып, ашылған күйінде қалады.

Дала қараңғы. Тас қараңғы. Қашушы да, қуушы да қара сияға батқандай жоқ болады.

Мен жеңгем тез оралса екен деп, күтіп отырайын. Ішім безгек болған адамдай бір суып, бір қызынады.

Жеңгем кешігеді.

Жүгіріп, есік алдына шығамын. Олай-бұлай көз ті­гіп, құлақ түрем. Ешбір сыбыс естілмейді. Менің без­гегім асқына түседі.

Бір кезде өкпесі өшіп, алқынып, жеңгем келеді:

– Қу шешекті сонау көшенің басына дейін қудым, жете алмадым. Бәлем, тоқтап тұр! Ертең осы үйге келерсің!

Жеңгемнің шашы мен киімдері Бәзілді «қуамын деп», одан бетер ұйпа-тұйпа болған. Арқасына шөп-шалаң жабысып қалған...«Кеңсе ана ауылда!»Жұрт түгел колхоз болып біріккен. Жекеше деген сөз енді ауызға да алынбайды. Бәрі колхоздікі: жер де, су да, адам да.

Қостөбеде тұрақты дүкен ашылған. Ауыл совет кеңсесіне телефон түсірілген. Жеке адамдар жаздырып алатын газет-журнал көбейген. Сауыны, малы жоқтар­ға­ бір-бір ешкі, бұзау, тана секілді мал үлестіріп берген.­

Біздің үйге тигені тәйпиген қоңыр құнажын. Келер жылы бұзаулауы мүмкін. Ол бұзауласа, құдай бізді жарылқайды, өзіміздің сүтіміз, айранымыз болады. Көже қатығымыз болады.

Май, құртымыз болады.

Қазақтың қарны малмен ғана тоғаяды.

Қорадан мал иісі шыққанның өзіне береке кіріп қалғандай болады.

Осы жаз Қостөбеде жаппай отырықшылану басталған. Жаңа поселік – «төшке» салу қолға алынған. Киікбай ауылы мен Найза ауылының екі аралығы бос жатқан жазық еді. Қазір сол жазықта қыбырлаған көп адам балшықтан кесек құйып, екі пәтерлі, екі-екі бөл­мелі, түзу көшеді еңселі үйлер тұрғызып жатыр. Осыны­ ауыл адамдары «төшке» дейді.

Қабырғасы қаланған үйлердің саны біртін-біртін көбейіп келеді. Іші-сыртын сылап, есік, терезе орнатса,­ төбесін жапса, қазіргі қожалақ тамдардан он есе артық, ақ сарайдай әдемі үйлер болып шығады. Нағыз жаңа ауыл, міне, сол.

Біз, балалар, бұған қуанамыз. Қаланып болған үйлердің ішін аралап, тамашалап қараймыз да, мынау біздің үй болады. Мына үйге біз кіреміз деп, үлкен­дер­дің атынан сөз сөйлеп, тон пішеміз.

Төшке салу жұмысы жаз бойына бір бәсеңдемеді. Қайта, көрші колхоздардан көмекшілер келіп, екі-үш айдың ішінде оннан аса үй тізіліп тұра қалған еді. Күн­дердің бір күнінде бұл жұмыс тоқтады. Неге екенін кім білген, қайтып қолға алынбады.

Күз өтті. Көктем өтті. Жаңа үйлер сол күйде ұмыт болды. Төбелері жабылмай, есік-терезе орнатылмай, қалып қойды. Бітпеген үйлерге бір де бір адам көшіп барып, кірмеді. Жауын езіп, жел сабалап тоздырған қа­бырғалардың үстінде зая кеткен мол еңбектің жоқтаушысы тәрізденіп, сұңқиып қарғалар отыратын болды.

Ешқандай пайдаға аспай құрыған сол үйлерге менің күні бүгінге дейін жаным ашиды.

Ат орнына адамдар жалаңаш аяқтарымен балшық кешкені, зілдей ауыр кесекті арық қабырғалары тырбың-тырбың етіп, қайысып қалап жатқаны менің көз алдымда.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий